«Қайрат» бас бапкері Александр Кержаков матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-лиганың 19-турында «Астанадан» жеңілгеніне (0:1) қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Стандарт кезінде зейінімізді бір сәтке жоғалтып алдық. Ол туралы ойын басталмай тұрып сөйлескен едік. Біз біркелкі ойнамай, агрессия көрсетпедік. Сол үшін сазайымызды берді.
– Екінші таймда Юлдошев шаршап, орнына басқа ойыншы шығару керек болды. Неліктен оны кеш ауыстырдыңыз?
– Ойын кезінде де, үзіліс кезінде де біз оның жағдайын әр 5-10 минут сайын сұрап тұрдық. Ол бәрі жақсы деп жауап берді. Мен футболшыларға сенемін. Ол физикалық, функционалдық жағынан дайынмын десе, оны алмастырудың қажеті жоқ еді. Бөлек біреуді кінәламас едім, өйткені кейбір сәттерде көп ойыншы сүреңсіз көрінді.
– Неліктен команда алғашқы минуттардан сүреңсіз көрінді? Сақ ойнап жүрді деп айтуға бола ма? «Тобылмен» болған матчта да дәл солай әрекет етті...
– Маусым айындағы «Астанамен» өткен ойынды қоспағанда, бізде сүреңсіз ойнау, екінші нөмір болып ойнау деген нұсқау болған емес. Командаға допты беріп қойыңдар деп айтқан жоқпыз. Керісінше, қарсыластың қиын кестесін ескере отырып, ойыншыларымызға допты барынша бақылауға тырысуды мақсат еттік. Қарапайым жағдайларда допты қарсыласқа бергенде техника жағынан көп қате жібердік. Өкінішке қарай, мұндай қателердің қашан азаятындығын айту әлі қиын. Бұл ойыншылардың деңгейіне байланысты. Оларға осыны түсіндіруге тырысамыз. Доп бізде болғанда олар аймаққа жақсы кіреді. Қарсыластың шабуылшыларынан жақсы өтеді. Кейін жеке шеберлік бірінші орынға шығады. Осы ойында шеберлігіміз жиі жетпей жатты.
– Ойыннан кейін Юг Станоевқа жақындап, оған эмоционалды түрде бірдеңе айттыңыз. Нақты не дегеніңізді білсек бола ма?
– Менің футболшыларыма айтқаным команда ішінде қалады.