«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Александр Кержаков: «Үлкен тапсырма сені тезірек мықты болуға итермелейді»
Каталог Новостей

Александр Кержаков: «Үлкен тапсырма сені тезірек мықты болуға итермелейді»

03 июня 2024
/ 00:45
«Қайрат» бас бапкері Александр Кержаков матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-лиганың 10-турында «Шахтёрді» жеңгеніне (4:2) қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Қайырлы кеш. Ойын бірінші жіберген голға дейін және екінші жіберген голдан кейін деп екі бөлікке бөлінді. Өте жақсы әрі дұрыс бастадық, көп мүмкіндік жасадық. Орындау жағынан сәл мүлт кетіп жаттық. Екінші гол соққан соң біраз абдырап қалып, қорғанысты ұмытып кеттік. Стандарт кезінде зейініміз шашыраңқы болғандықтан, гол жіберіп алдық. Ойыншыларымыздың үстінен жай түскендей болды. Екінші голдан кейін тез ес жиып, жоспарымыздағы ойынымызды жалғастырып, заңды нәтижеге қол жеткізген жігіттерге рақмет.
– Бұл бірінші кездесуіңіз болса да, ойыншылар нұсқауды орындап, жоспарлағандай ойнады деп айттыңыз. «Шахтёрге» қарсы ойнағанға дейін нақты не өзгерттіңіз?
– Не өзгерткенімізді жақсы көрген шығарсыз. Ойыншылар біз сұрағанымызды орындады. Қалған ұсақ-түйек нәрсе команда ішінде қалсын.
– Андрей Ульшин 14 айда алғаш рет бастапқы құрамда шықты. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?
– Мен мұнда келгенде барлық жігітке бұрын болғанның бәрі маңызды емес деп айттым. Регалияға, кімнің қанша ойын ойнағанына, жасына қарамадым. Бапкерлер штабының пікірінше, кім жаттығуда өзін жақсы көрсетсе, сол ойнайды. Жігіттерге оларды ешқашан бастапқы құрам ойыншысы не қосалқы ойыншы деп бөлмейтінімді айттым. Біздің біраз ойыншымыз бар. Командадағы барлық адам, яғни 27 адам. Мен үшін бапкер ретінде олардың бәрі тең.
– Жалпы командадан, қаладан, стадионнан қандай әсер алдыңыз?
– Тек тамаша, жағымды эмоция алдым. Қайрат Советайұлына да айттым. Қазақстан футболы үшін жасап жатқан істеріне мың алғыс. Оның клубқа жасаған жағдайлары керемет. Барлық РПЛ командасында мұндай жағдай жоқ. Стадиондағы атмосфераға келетін болсақ, тамаша болды. Шынымды айтсам, мұнша көп адам келеді деп ойламадым. Команданы қатты қолдағаны сезілді. Қалаға келетін болсақ, отбасыма да алғаш келген кезден-ақ ұнады. Қаладан, бізді жылы қарсы алған адамдардан, сондай-ақ күнделікті көріп жүрген көріністен алған әсеріміз ғажап.
– Бұған дейін «Нижний Новгородта» Юлдошевты жаттықтырдыңыз. Содан бері өсті деп ойлайсыз ба?
– Барлық дерлік бұрыштаманы, стандартты сол көтереді. Прогресі бар шығар, өйткені «Нижнийде» оған стандартқа мүлде жақындатпайтымын (күлді). Сондықтан ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Себебі бәріміз бір командамыз. Бұл командалық спорт. Біз оң нәтижеге бірге қол жеткізіп, қиындықтарды бірге жеңеміз. Жақсы нәтиже көбірек болады деп үміттенемін. Сондықтан барлық жігіт дамып, мықты болады деп сенемін.
– Сіз бұрын чемпиондыққа күреспеген командаларды баптадыңыз, бірақ «Қайраттың» бірінші орын алу деген айқын мақсаты бар. Амбицияларыңыз клубпен қаншалықты сәйкес келеді?
– Мен өмірде максималиспін. «Қайраттағы» адамдар да, басшылық та, футболшылар да максималист болғаны қатты қуантады. Біз бұл тапсырманы орындауға тырысамыз. Үлкен тапсырма сені тезірек мықты болуға итермелейді. Соның арқасында бір секундқа да босаңсымай, үнемі дамып отырасың. Бәріңізге рақмет!
arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»