«Қайраттың» шабуылшысы Адеринсола Эсеола команданың жиынындағы эмоциялық сәттер туралы айтып, өзінің жылдамдығы, жаңа бапкерлік штабпен жұмысы және әдістемесі жайлы баяндады.
- Физикалық дайындық бапкері Христос Пападопулоспен жұмыс қалай өтіп жатыр?
- Өте қызық. Үздік маман. Оның басшылығымен біз екінші ай жұмыс істеп жатырмыз, ал жаттығулар әртүрлі болып келеді. Қайталана бермейді. Әрдайым жаңа нәрсе. Ол керемет кәсіби маман және өз жұмысы туралы көп біледі. Физикалық дайындықты күшейту бойынша тапсырмалар көлемі өте үлкен, бірақ өте қызықты. Христос әрбір элементті бірнеше рет әрі анық көрінеді. Жалпы жаттығулар мен дайындықтың мақсаттары мен міндеттерін анық көрсетеді. Онымен жұмыс істеу оңай.
- Үлкен көлемдегі жүктемелерді организм қалай қабылдап жатыр?
- Дұрыс қабылдады. Өз қалпымызға келіп, бұлшықеттер өсіп жатыр. Жиын сол үшін керек. Азанда залда, кешке алаңда жұмыс істейміз. ОЖЖ-да жүктеме қашан да үлкен болады. Оған үйреніп кеттік.
- Алексей Шпилевскийдің штабымен қандай қарым-қатынас қалыптасты?
- Тамаша. Барлық жаттықтырушылар кәсіпқой. Өздерінің не қалайтындарын біледі. Толық қайтарымды талап етеді. Мен жаттығу процесінің құпияларын ашпайын, бірақ бұл өте қызықты. Жұмысымнан шынайы рахат аламын. Біз жұмыс жоспарын мүмкіндігінше айқын ұстануға, бапкердің нұсқауларын орындауға тырысамыз.
- Жаттығудағы ең эмоциялық сәтті есіңізге түсіре аласыз ба?
- Бәріміз педальді айналдырып, веложаттығуда шақырымдарды артта қалдырып, Бастаның «Сансара» әнін орындаған кезіміз шығар. Бұл жаттығудың соңы болатын. Бәрі шаршағандарына қарамастан, дауыстап ән айтты. Бұл жақсы эмоциялық нүкте болды.
- Команданың екінші жиынында сіз 90 минут ойнадыңыз, бірақ соғылған көптеген голға қатысып үлгердіңіз...
- Иә, барлық алты голға ат салыстым. Мәселен, «Чайкамен» матчта мен бұрыштама соққысын алып келдім, Раде Дугалич баспен дәл соққы жасап, гол соқты. Содан кейін мен өзімнің екі мүмкіндігімді пайдаланып, дубль жасадым. «Вележге» қарсы ойында мен екі пенальтиді де алып келдім. Біреуінде «нүктеден» біздің капитанымыз Бауыржан Исламхан гол соқты. Екінші он бір метрлік соққыны өзім орындадым. Бұдан басқа, мен Ян Вороговскийге нәтижелі пас бердім, ол жойқын соққымен қанжығасын майлады. Бұл тамаша болды!
- Еуропалық шабуылшылардан ең мықтысы кім?
- Маусымда 20-дан астам гол соққан кез келген шабуылшы мықты. Мен мұның қаншалықты қиын екенін білемін. Сондықтан, бір маусымда жиырмадан астам гол соққан шабуылшы барынша құрмет пен мақтауға лайық. Әрине, Мауро Икарди, Харри Кэйн, Эдинсон Кавани сияқты үздік ойыншылар бар. Олар ең үздік классикалық «тоғыздықтар». Икарди шабуылдарды керемет түрде аяқтайтыны ұнайды.
- Сіздің ойыңызша, фовард үшін қандай қасиет өте маңызды?
- Ең алдымен – шабуылды аяқтау шеберлігі. Бұл ұғым жақсы қойылған соққыны, бірден соққы жасай алу дағдысын, көптеген компоненттерді қамтиды. Ол, сондай-ақ, басымен жақсы ойнап, физикалық күші мығым болуы тиіс. Бұл өте маңызды аспект. Бірақ бұл команда тактикасына байланысты. Ең дұрысы, форвард шабуылды аяқтауға қабілетті болуы керек. Жылдамдығы өте маңызды.
- Конрад Вржещиньский Польша Жоғары лигасында ең жоғарғы жылдамдықты көрсетті. Ол сізден де жылдамырақ па?
- Мен 30 метрді 3,68 секундта жүгіріп өтемін. Еуропада кім мұндай жылдамдықпен мақтана алады? Лондондық «Арсеналда» ойнайтын Пьер-Эмерик Обамеянгтің көрсеткіші менен нашарлау – 3,72. Сондықтан, бұл әзірге жауабы анықталмаған сұрақ. Қайда және не үшін жүгіріп жатқанын түсінбейтіндер бар. Онда пайдасы не...
- Жылдам футболшылардан қалай жүгіріп, допты қалай ұстау керек екенін кім біледі деп ойлайсыз?
- Лерой Сане, мысалы. Ол қазіргі таңда ең үздік қапталдағы жартылай қорғаушы деп санаймын. Нағыз шебер. Жылдам қозғалады, жылдам ойлайды.
- Бала кезіңізде кумиріңіз кім болды?
- Андрей Шевченко. Бала кезімде ол «Миланға» ауысты. «Россоньери» сапында жұлдыздай жарқырады. Мен үшін және барша украиналықтар үшін ол кумир болды. Сондай-ақ, маған классикалық форвардтар ұнайды: Патрик Клюйверт, Филиппо Индзаги, Кристиан Вьери. Италиялық шабуылшылар ұнайтын. Италияда дәстүрлі «тоғыздықтар» ойнады. Мысалы, Лука Тони.
- Оқыған соңғы екі кітабыңыз қандай?
- Эрих Мария Ремарктың «Үш дос» кітабы, қазір «Адамзаттың қысқа тарихын» оқып жатырмын. Бәріне кеңес беремін, өте қызықты. Кітап – демалу үшін ең дұрыс құрал.
- Сіздің ойыңызша, «Қайрат» үшін маусым қалай өтеді?
- Чемпионатты былтырға қарағанда бір сатыға жоғары аяқтауды қалаймыз. Чемпион болғымыз келеді! Кубокты иеленсек дейміз! Алда Суперкубок үшін матч күтіп тұр! Осы жүлделерге лайықты екенімізді дәлелдейміз. «Қайрат» қашан да алға тек жоғарғы мақсаттарды қояды.