«Қайраттың» шабуылшысы Адеринсола Эсеола «Атырау» қақпасына дубль жасап, өз командасына ауыр матчта жеңіске жетуге көмектесті. Форвард клубтың баспасөз-қызметіне өткен матч туралы пікірін айтты.
- Дерин, жеңіспен құттықтаймыз. Есепке қарамастан, матч ауыр болды: қарсыластан мұндай қарқынды күтпедіңдер ме?
- Ең алдымен, барша жанкүйерлерді жеңіспен құттықтағым келеді. Шынымды айтсам, иә, матч ауыр болды. Жалпы, «Атыраудан» мұндай қарқынды күтпедік, матч барысын бақылауда ұстаған едік, қарсыласты ойынның барлық тұсында жеңе алдық. Бірақ екінші таймға шыққанымызда кей тұста дұрыс жұмыс істемеген шығармыз, жылдам голдар өткізіп алдық. Сондықтан, екі гол соғып, алға шығу қажет болды.
- Ұзақ уақыт бойы гол соға алмадыңдар, кейін жаңа ойыншылар шыққан соң, қарсылас қақпасына үш доп енгіздіңдер. Андрей Аршавин мен Исламбек Қуат ойынға тамаша енді деуге бола ма?
- Иә, ауысымдар тамаша жұмыс атқарды. Андрей Аршавиннің алаңға шығуын ерекше атап өткім келеді, ол маған екі нәтижелі пас берді. Одан артық айтуға келмес – ол ойынға мінсіз енді, соның арқасында гол соқтық деуге болады.
- Сен екі гол соқтың, тағы да гол соғатын мүмкіндіктер болды. Сұрмергендер жарысында Пиззеллиден бір голға қалып тұрсың. Көбірек гол соғып, лиганың үздік сұрмергені жүлдесін алғың келе ме?
- Әрине, гол соққым келеді – бұл менің жұмысым. Сұрмергендер жарысында жеңіске жетсем деймін, сол үшін бар күшімді саламын.