«Қайраттың» шабуылшысы Вячеслав Швырёв клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан OLIMPBET-Кубогының 1/4 финалындағы «Атырауға» қарсы өткен бірінші ойынға (1:1) қатысты пікір білдірді:
– Слава, «Атырауға» қарсы өткен матч жайлы айтып кетші.
– «Ақтөбеге» қарсы ойында біз көп эмоция шығардық. «Атырауға» қарсы ойын қиын болды деп айта алмаймын. «Атырау» өте жақсы қорғанды. Мүмкіндіктеріміз көп болды. Олардың қақпасына екінші гол соққанымызда, ойын мүлде басқаша болар еді. Болар іс болды. Әлі қарымта ойын бар. Сол матчта кімнің мықты екені шешіледі. Әр екі-үш күн сайын ойнау – сәл қиын. Өйткені толық қалпыңа келіп үлгере алмайсың. Бірақ, негізі, біз бәріне дайынбыз.
– 12 минутта-ақ қарсыластың қақпасына гол соқтың. Қалай соққаныңды және голды қалай тойлағаныңды айтып берші.
– Сол гол соққан сәтте Артур олардың жартылай қорғаушысынан допты жұлып алып кетті, Адик Жоаоға берді де маған бос қақпаға сырғытты. Ал маған аяғымды қоя салуым ғана қалды. Мен соққан голымды қазір өте ауыр жағдайда жатқан өте жақын досым Арсенге арнадым. «Қайрат» футбол клубының бар ойы қазір Арсенмен байланысты. Мен оның тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оны бәріміз асыға күтеміз.
– Жеңіске жету үшін не жетіспеді деп ойлайсың?
– Бірдеңе жетіспеді деп айта алмаймын. Кейбір сәттерді дұрыс пайдаланып, гол соққанымызда, онда бәрі мүлде басқаша болар еді.
– Осы маусымда сен кейде артқа тартылған шабуылшы ретінде ойнайсың. Бұл рөлде ойнау саған қаншалықты ыңғайлы? Сенің міндеттерің қалай өзгереді?
– Артқа тартылған шабуылшы позициясында мен өзімді жайлы сезінемін. Таза шабуылшы ретінде немесе артқа тартылған шабуылшы ретінде ойнайтыным маған маңызды емес. Ең бастысы, өз командама пайда әкелгім келеді. Ол үшін бапкерлер штабы бізге белгілі бір позицияда қалай әрекет ету керектігін үнемі түсіндіреді. Аса қиындығы жоқ. Алаңға шыққан кезде біз қандай схема бойынша ойнайтынымызды білеміз. Біздің барлық міндеттерімізді нақты түсіндіреді.