«Қайрат» бас бапкерінің міндетін атқарушы Рафаэль Уразбахтин матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Атырауды» жеңгені (1:0) туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
– Матч қиын болды. «Атырау» жақсы қарсылас. Олардың мықты, білікті футболшылары бар. Жанкүйерлерге осындай матч көбірек ұнайтын шығар. Таразы басы екі жаққа да бұрып кетуі мүмкін еді. Бірақ жеңіс тұғырына біз шықтық. Сол пенальтиді қоспағанда жеңіске біз жақынырақ едік деп есептеймін. Менің ойымша, біз лайықты түрде жеңдік.
– Бірінші таймда төреші екі жақтың да пайдасына қате жіберіп жатқандай көрінді. Бұл жайлы не айтасыз?
– Төрелік туралы ештеңе айтпаймын. Негізі төрешілердің жұмысына қатысты пікір айтпауым керек. Олардың жұмысын қадағалайтын белгілі бір орган бар. Төреші солай шешті. Біз не істей аламыз? Қайталауды көріп, тәртіп бұзылды деп шешті. Біз сол шешімді қабылдаймыз. Өзім пенальти болды ма, болмады ма деп айтатындай қайталауды әлі көрген жоқпын. Жалпы төрешінің біліктілігі жоғары. Төрешілердің жұмысына қатысты пікір айпаймын. Өз командамның қатесін түзеп, жақсаруымыз керек.
– Сіз жаңа схеманы енгіздіңіз. Яғни 4-2-3-1 болып ойнадыңыз. Неге бұлай шешім қабылдадыңыз?
– Менің алдымда істеген бапкер осы схеманы қолдануды жоспарлаған. Оны жаттығу кезінде ойнататын. Біз ойыншыларды басқарамыз. Шын мәнінде, кез келген схемада ойнауға болады. Қарсыласқа да байланысты. Бір схема сәтті болып, жігіттер жақсы қабылдаған кез болды. Өзгертетін сәт те келген шығар. Негізінде біз жігіттермен осы тақырыпта сөйлестік. Олар жақсы қабылдады. Дегенмен бұл кездесуде қарсыластың ойынына байланысты ойнадық.
– Кеше команда соңғы 5 жылда алғаш рет Орталық стадионда ойын алдындағы жаттығуын өткізді. Әдетте дайындық үнемі клуб базасында жүргізілетін. Бұл шешімнің себебі неде?
– Бұл менің шешімім. Мен жігіттерге «Дайындықты сол жақта жасасақ қайтеді?» деп ұсынып көргенмін. Тәжірибелі жігіттермен сөйлесіп, ойын алдындағы дайындықты Орталық стадионда өткізейік деп ақылдастым. Көгалды, стадионның атмосферасын сезіну үшін. Бұл идеяны ұсындым, олар келісті. Олар жақсы қабылдады.
– Жоао Паулоның сәтсіз ойнап жүргенінің себебі неде деп ойлайсыз? Өткен маусымды алып қарасаңыз, ол команданың негізгі ойыншысы болды, гол салып, ұпай әкелетін. Бірақ бұл маусымда көп сәттен мүлт кетіп жүр. Пікіріңізді айта кетіңізші.
– Кез келген футболшының мұндай кезеңдері болады. Меніңше, мәселе оның біліктілігінде емес сияқты. Ол деңгейі жақсы футболшы. Бәлкім, соңғы матчтардағы сала алмай қалған пенальтиі әсер еткен болар. Шынымды айтсам, мен оны мазаламау үшін бұл тақырыпта сөйлескен жоқпын. Қазір бір гол соқса, ары қарай аяғы жүріп кетеді деп ойлаймын. Байқасаңыз, әр матчта соғатын мүмкіндіктері болады. Осы матчта да салатын сәттері болды. Бүгін үш гол соғатын мүмкіндігі болды. Алайда қазір сондай кезеңнен өтіп жүр. Сол қиындықты еңсеруі қажет. Ең бастысы, бұл мәселеге алаңдамауымыз керек. Бастысы, соғатын сәттері бар. Болмаса, онда одан да жаман болар еді. Менің ойымша, бұл проблема емес. Жоао – тәжірибелі футболшы. Ол жеңіп шығады. Біз де ол жағынан көмектесеміз.
– Команда стилистикалық жағынан өзгерген сияқты. Көбірек пас беріп, көбірек допты ұстады. Допты басқаруға ерекше мән бердіңіз деп айта аласыз ба?
– Иә, бұл менің шешімім. Соңғы күндері жігіттермен бірге болдым, олармен көп сөйлестім. Жалпы ештеңені өзгерткім келмеді. Негізі бұрынғы бапкерлер штабының жұмысы өте жақсы болды. Бір нәрсені өзгертуге тура келетін сәт келді. Бұл күндері жігіттерді шабуылда басқаша ойнатуға тырыстым. Өйткені көп команда стилімізді біліп алған. Бізге қарсы оңай бейімделеді. Бір нәрсені өзгерту керек деп шештім. Ал футболшының көп болғанының арқасында өзгерте аласың. Мұны істей алатын жақсы ойыншыларымыз бар. Бұл менің шешімім болды. Оны қолданып көрдік. Әрине, бәрі ойдағыдай болған жоқ, бірақ жақсы сәттеріміз де болды.
– Вадим Ульяновтың бұл кездесуге шығуы Данил Устименкоға Қызылордадағы «Қайсарға» (0:1) қарсы сәтсіз матчтан кейін демалыс беруімен байланысты ма?
– Иә, өйткені Данил сол ойын жайлы алаңдайды. Біз оны мазаламаймыз. Оның осы кезеңнен тез өтіп кетсін деп тілейміз. Әр футболшының басынан өтетін нәрсе. Бізде Вадим Ульянов бар. Ол да білікті қақпашы. Оған бастапқы құрамдағы орынды сеніп тапсыру – ортақ шешіміміз болды.
– Болашағыңызға қатысты сұрақ. «Бас бапкер міндетін атқарушы» деген атаусыз жұмысты жалғастыратыныңыз жайлы ақпарат қаншалықты дұрыс?
– Бұл сұрақтың нақты жауабын айта алмаймын. Мені қазір осында қойып қойды. Бәрі нәтижеге байланысты. Бірақ бұған мән бермеймін. Менің міндетім – осы кезеңде командаға көмектесу. Жігіттерге қолдау көрсетіп, оларды жеңіске жетелеуіміз керек. Олар жанкүйерлерге ұнайтын әрі ұпай әкелетін жақсы да тиімді футбол көрсетуі қажет. Бұл менің басты міндетім. Қорытындысын басшылар шешеді.
– Бұған дейін «Қайрат-Жастарды» баптадыңыз. Негізгі командаға жас ойыншылардың келуін күтеміз бе?
– Біз үшін бұл тұрақты процесс. Оларды жаттығу кезінде іріктеп аламыз. Жаттығуға олар да қатысады. Қазір командада жас ойыншылар да көп. Олар да алаңға шығуға лайық. Бірақ негізгі командада ең мықтылар ойнайды. Біз олардың жас не жас еместігіне қарамаймыз. Қандай да бір жас ойыншы деңгейге сәйкес келсе, онда ол бәрібір ойнайды. Командамызда салауатты бәсекелестік бар. Жас ойыншылар жаттығу кезінде бізбен бірге «пісіп жетіледі». Бәріміз бірге клуб базасындамыз. Біз ешкімнен бас тартпаймыз. Бәрін қарап жүреміз.