«Қайрат» бас бапкері Премьер-лиганың 6-туры аясындағы матчта «Тобылды» жеңгені туралы айтты:
— Қайырлы кеш. Жеңгенімізге өте қуаныштымыз. Қарсыласымызға оның күшін біле отырып, оған шындап дайындалдық. «Тобылда» жақсы, білікті ойыншылар бар. Қызылордада ұпай жоғалтқаннан кейін бізге нәтиже жағынан да, ойын жағынан да дұрыс әрекет ету маңызды болды. Жігіттер мұны түсінді, қобалжыды, алдыңғы матчқа байланысты қатты көңілі түсті. Сондықтан қарсыласымыздың мықты тұстарын түсініп, мұқият дайындалдық. Әрине, қажетсіз гол жіберіп алғанымызға қынжыламыз. Ең бастысы — үш ұпай алдық. Біз алға жылжи береміз. Бізді қолдауға келген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Әрі қарай жылжимыз. Алда қонақтағы ойын бар.
— Алда қатарынан сырт алаңда өтетін төрт матч бар. Қызылордадағыдай көгалдарға және жағдайға қалай дайындаласыз?
— Дайындығымыз басқаша болмайды. Бұрын қалай дайндалдық, дәл солай дайындала береміз. Мүмкіндік болса, ойын алдындағы жаттығуды үйде жасап, кейін бірден жасанды алаңда матчқа шығамыз. Ерте келіп, сапасы нашар алаңда жаттығудың мағынасын түсінбеймін. Бұл ойыншылардың денсаулығына қауіп төндіреді.
— Биылғы маусымда «Қайрат» стандарттардан жиі гол жібереді. Сіз соған байланысты қалай жұмыс істейсіз?
— Біз стандарттар бойынша ғана бөлек жұмыс істемейміз. Апта ішінде барлық элементті, яғни шабуыл мен қорғаныстағы стандарт, өтпелі фазадағы әрекеттерді жасаймыз. Біз кешенді түрде жұмыс істейміз.
— «Қайрат» сегіз матч қатарынан жеңілмей келе жатыр. «Тобыл» титул үшін күресте басты бәсекелестердің бірі саналды. «Тобылды» жеңгеннен кейін енді кімді басты бәсекелес санайсыз?
— Шынымды айтсам, қарсыластарымызды күшті және әлсіз деп бөлмейміз. Мысалы, «Қайсармен» болған матчты алсақ, көбі оңай жеңеміз деп ойлағанымен, ақырында өз көзіңізбен не болғанын көрдіңіз. Футболды болжау мүмкін емес. Босаңсып кетсең, бірден жазалайды. Сондықтан қарсыласқа қарамастан, біздің міндетіміз – әр матчқа шығып, жеңуге тырысу. Әрине, біз кейде ұпай жоғалтып қалуымыз мүмкін, бірақ олай болмасын деп жұмыс істеп жатырмыз.
— Команда жеңісті қалай тойлады? Көмекшіңіз Максим Зуевтің туған күніне орай сыйлық жасадыңыздар ба?
— Максим Фёдорович Зуевке келсек, матч алдында әңгімелестік. Бүкіл командамыз оны құттықтады. Соңғы екі жылда оның туған күнінде команда жеңіліп қалды. Жігіттерге осы дәстүрді бұзып, көңілін түсірмей, жеңейік дедім. Біз, әрине, қалжыңдадық, бірақ жігіттер мұны байыппен қабылдап, бізге жеңіс сыйлады. Бұл жайында киім ауыстыратын бөлмеде айттық.
— Матчтың алғашқы 15-20 минутында ірі есеппен жеңетіңіздей көрінді. Бұл немен байланысты? Қысым жасау деген нұсқау болды ма, әлде «Тобыл» дайын болмады ма?
— Қарсыластың есін тандырмадық деп ойлаймын. Әдетте, барлық команда алғашқы минуттарда, әсіресе, қонақта абайлап ойнайды. Біз «Тобыл» мықты тұстарын пайдаланбасын деп белсенді кірісуге, қысым көрсетуге тырыстық. Соның арқасында болар, басында бірнеше қауіпті шабуыл жасайтын мүмкіндік болды.
— Неліктен сары қағаз алдыңыз және Ислам Чесноковпен не жайында сөйлестіңіз?
— Сары қағазға келетін болсақ, соған лайық болдым. Эмоцияға беріліп кеттім. Өзімді ұстау қиын болды. Түзелуім керек. Ал Ислам Чесноков екеуіміз бір-бірімізге тек алғыс айттық. Ол керемет футболшы. Оны қатты құрметтеймін. Ойын барысында жұмыс сәттері болады. Бірде асығамыз, бірде допты ұзақ ұстаймыз. Матчтан кейін ештеңе болмады. Ешқандай проблема жоқ.
— Тәртіпке келетін болсақ, клубта сары қағаз үшін жазалай ма?
— Иә, әрине. Әр карта жеке қарастырылады. Артық сөз айтқанға немесе допты лақтырғанға беретін карта бар. Бұл болмайтын қылықтар үшін беретін карталар. Сол үшін ойыншы жазаланады. Ал ойыншы команданы голдан құтқарған кезде берілетін карталар бар. Мұндай жағдайлар басқаша бағаланады. Мәселен, Широбоков пен Тапаловқа қызыл қағаз алғаны үшін айыппұл салынды.