«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Рафаэль Уразбахтин: «Үш ұпай алғанымызға қуаныштымыз, бірақ ойын сапасына көңіліміз толмайды»
Қайрат

Рафаэль Уразбахтин: «Үш ұпай алғанымызға қуаныштымыз, бірақ ойын сапасына көңіліміз толмайды»

03 августа 2025
/ 02:32

«Қайрат» бас бапкері Премьер-лиганың 19-турында «Ұлытауға» қарсы өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында матч жайлы пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді:

— Қиын матч болды. Басында жаман бастамадық. Сәттер жасап, бастаманы өз қолымызға алдық. Бірақ соған қарамастан қарсыласқа қарсы шабуылға шығуға мүмкіндік беріп жаттық. Көп мүмкіндік беріп, жиі ереже бұздық. Қарсыласымыз стандарт арқылы көп шабуыл жасады. Біз оларға өз жарты алаңымызға өтпеуін айтып, допты қарсылас алаңында ұстауға тырысу керегін ескерттік.
Мүмкін, жылдам голдың болмауы да әсер еткен шығар. Сол себепті қарсылас сенімді ойнады. Олар ұйымдасқан түрде өнер көрсетті. Біз олардың ойындарын қарап, дәл осылай ойнайтынын болжадық. Орталық аймақты тығыз қорғап, жинақы блокпен қорғанып, қарсы шабуылдан мүмкіндік іздейді деп талдадық. Сонымен қатар қақпашының допты тез ойынға қосатынын да айтқан едік. Өкінішке қарай, бұл туралы айтқанымызға қарамастан, қақпашыға үш рет жылдам пас беруге мүмкіндік беріп қойдық. Үзілісте осыған назар аудардық. Ойыншылардан келісілген нұсқауларды жалғастыруын сұрадық. Гол соға алдық, бірақ 1:0 есебі ойыншыларға қысым түсірген сияқты. Көбі өздерінің мықты қырларын көрсете алмады. Екінші таймда шабуылды жаңарттық. Жорж, Заро, Рикиде гол салатын сәттері болды. Нақты есімде жоқ, бірақ мүмкіндіктері болды.
Алайда гол соғылмағандықтан, алаңдаушылық, қобалжу пайда болды. Соның салдарынан матчтың соңы өте күрделі өтті. Қарсылас ойын соңында (қай минутта екені нақты есімде жоқ) қапталдан пас берді. Шын айтқанда, бізді кешірді. Біз бұлай ойнауға құқымыз жоқ. Әрине, үш ұпай алғанымызға қуаныштымыз, бірақ ойын сапасына көңіліміз толмайды. Қорытынды шығарып, әрі қарай жылжи береміз. Алда өте маңызды матч тұр. Қазір бір топты қалпына келтіріп, екінші топқа ойын ырғағын қайтару керек. Дайындықты жалғастырамыз.
— Еурокубоктан кейінгі екінші өз алаңымыздағы матчта командаға өте қиын болды, бірақ сіз құрамда үлкен ротация жасауды жалғастырып жатырсыз. Бұл футболшылардың барлық эмоциясын еурокубокта жұмсап, чемпионатқа шоғырлана алмауымен байланысты ма?
— Иә, мүмкін, солай шығар. Бірақ біз бұл туралы ойыншылармен үнемі сөйлесіп отырамыз. Оларға демалыс беру керек болды. 10 күнде үш өте ауыр ойын өткізді. Жігіттер алаңға шыққысы келді, қате жібермейміз деді. Бірақ бұл — бапкерлер штабының шешімі. Біз жауапкершілікті өз мойнымызға алдық. Сонымен қатар медицина штабының кеңесін ескердік. Олардың айтуынша, кейбір ойыншыларға үзіліс қажет болды. Сондықтан осылай ротация жасадық. Ал еурокубоктан кейінгі матчтарға келсек, олар біз үшін оңай өтпей жатыр. Бұл психология ма, басқа ма, нақты айта алмаймын. Біз үнемі назар аудару керегін ескертіп отырамыз, зейінді жоғалтпау қажет дейміз. Бірақ бәрібір осындай жағдай қайталанады. Шешім іздейміз. Бұл — бапкерлер штабының жұмысы.
— «Ұлытаумен» ойнау сіз үшін қаншалықты принципалды болды? Себебі сіз осы командада футболшы ретінде өнер көрсеткенсіз.
— Ондай бір ерекше мағына болған жоқ. Мен ол жақта небәрі жарты жыл ғана болдым, ол кезде 18 жаста едім. Ойын тәжірибесі үшін бардым. Сол кезде бапкер — Фомичёв болды. Ол жастар және олимпиада құрамасын да жаттықтырды. Мен соған бардым. Кейін қаржылық қиындықтар басталып, соның салдарынан «Қайратқа» кеттім. Сондықтан ешқандай принципиалды жағдай болған жоқ. Бұл — кезекті қарсылас. Оны жеңу керек болды. Қазір біз жарыс жолындамыз. Ұпай жоғалтуға құқымыз жоқ. Бұл да ойыншыларға қысым түсіріп жатқан шығар. Тағы сөйлесеміз, талқылаймыз.
— Маусымда алғаш рет бірінші минуттан бастап алаңға шыққан Лев Кургиннің ойынына қандай баға бересіз?
— Лёва жаман ойнаған жоқ. Негізі, одан күткен нәрсеміздің бәрін орындады. Оның әлеуеті өте жоғары. Біз оған сенеміз. Қазір басынан сондай кезең өтіп жатыр. Жақында баласы дүниеге келді. Басқа да өмірдегі сәттері әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті ол алаңда жиі көрінбей жүр. Біз оған «Қайрат-Жастар» сапында тәжірибе жинауға мүмкіндік бердік. Соңғы матчтарда өзін жақсы қырынан көрсетті. Бүгін біз оған сенім білдіріп, бастапқы құрамға қостық. Ол ойнады. Ұзақ уақыт бойы матч тәжірибесі болмағаны білінді, бірақ соған қарамастан, бүгін өз міндетін орындап шықты. Осылай жалғастыра берсе, жиі ойнайтын болады. Бәрі әр футболшының өзіне байланысты. Кім қалай жаттығады, кім қалай еңбек етеді, сол ойнайды.
arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»