«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Рафаэль Уразбахтин: «Әрі қарай өтуге тырысамыз»
Қайрат

Рафаэль Уразбахтин: «Әрі қарай өтуге тырысамыз»

16 июля 2025
/ 18:46

«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің «Олимпияға» қарсы қарымта матчы (2:0) туралы матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді:

— Баршаңызды жеңіске байланысты құттықтаймыз. Бұл — клуб үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де өте маңызды жеңіс. Бірінші кезеңнен өткенімізге өте қуаныштымыз. Енді әрі қарай өтуге тырысамыз. Ойынға келсек, алғашқы матчтан сабақ алдық. Сол ойында кеткен қателерді түзетуге тырыстық. Бұл қолымыздан келді деп ойлаймыз. Барлық жоспарымызды жүзеге асыра алдық.
Керемет атмосфера сыйлаған жанкүйерлерге рақмет. Мұндай атмосфераны сезінген жақсы. Оларға алғысымыз шексіз! Бұл жеңіс — жанкүйерлеріміз үшін де бір мереке болуға тиіс еді. Сондай-ақ ойыншыларға жеке рақмет айтқым келеді. Матч алдында олармен сөйлесіп, мынадай шешімге келдік. Тактикалық немесе техникалық сәттерден бұрын, жеңіске жетудің басты жолы — оны бар жан-тәніңмен қалау. Біз сол ниетте болдық.
Медицина қызметкерлеріне де алғыс айтамын. Олар күн-түн демей, жігіттердің қалпына келуіне еңбек етті. Олардың еңбегі орасан, бірақ көпшілік оны байқамайды. Сондай-ақ басшылыққа алғыс. Словениядағы сапарымызды тамаша ұйымдастырып берді. Уақыт жоғалтпай ұшып бардық, жағдай да жақсы болды.
— Маусымда алғаш рет оң қапталда Тапалов пен туған күнінде гол соққан Мрынский қатар шықты. Бұл шешім қарсыласты таңғалдырғандай болды.
— Мрынский мен Тапаловқа келсек, ойыншылардың қазіргі жағдайына сүйендік. Бастапқыда басқа құрам жоспарлағанбыз, бірақ матчқа бір күн қалғанда Мрынскийді шығарамыз деп шештік. Бұл туған күніне байланысты емес, тек жай сәйкестік. Ойын алдындағы жаттығуда құрамды анықтап, кей сәттерді пысықтадық. Ал ертеңінде Instagram-нан оның туған күні екенін көрдім. Медиа-офицеріміз де таңертең сол туралы есімізге салды. Сондықтан алдын ала қос қатарды бірге ойнатамыз деген жоспар болмады. Словениядағы алғашқы матчта Саня алаңға жақсы шығып, соңғы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. «Тұранға» қарсы матчта жақсы ойнап, нәтижелі пас берді. Сондықтан біз нақты физикалық жағдайға қарап шешім қабылдаймыз. Матч алдында Валера мен Зариада белгілі бір мәселелер болды. Заро бір айдай ойнамады, әлі толық қалпына келмеді.
— Матч соңында Рикардиньо мен Садыбеков ойыншыларды ауыстырып, алаңға шықты. Бұл тактикалық шешім бе? Негізгі ойыншыларды ауыстыру — тәуекел деп ойламайсыз ба?
— 10 минут қалды, Глазерде сары қағаз болды. Сондықтан екінші ескерту алып қалмасын деп қауіптендік. Ол өзін жақсы сезінді, тапсырмаларды орындап жүрді. Екінші сары қағаз алып қалады деп қорықтық. Адикті де энергия қосу үшін шығардық. Рикардиньо да әлі толық бабында емес. Ойын алдындағы жаттығуға ғана қатысты. Бір апта бойы жеке бағдарлама бойынша жаттықты. Біз олардың деңгейіне, сапасына сендік. Ойын соңында көмектесе алады деп ойладық. Бізге допты сақтау, қысым көрсету маңызды болды. Шабуылшы допты тоқтатып, уақыт ұтса, Адик те қолдау көрсетсе деген үмітпен осындай шешім жасадық. Жігіттер сенімді ақтады.
— Ойыннан кейін сізді жанкүйерлер, бапкерлер штабы, ойыншылар құттықтады. Сіз трибунаға жақындағанда көп қыз алаңға шықты. Бұл кімдер еді?
— Бұл қыздар — менің отбасым. Қызым, жұбайым, жақындарым.
— Келесі матчта «Қайсарға» қарсы ойнайсыздар. «Қайрат-Жастардың» ойыншыларын көруіміз мүмкін бе?
— Қазір қалпымызға келуіміз керек. Көп күш жұмсадық. Енді ақыл-ойымызбен келесі сапарға дайындалуымыз қажет. «Қайсармен» ойнағаннан кейінгі күні бірден ұшамыз. Ротация болады, жастар алаңға шығады. Жалпы алғанда, біз берген мүмкіндікті олар жақсы пайдаланып жатыр. Бұл — қалыпты жағдай. Тек алға жылжи берсін. Мысалы, Бағдатты алайық. Словениядағы сырт алаңда ойынға қосылды. Оған дейін екі гол соқты. Жігіттер өсіп келеді, командаға пайдасын тигізіп жатыр. Біз тек қуаныштымыз. Жас ойыншыларға сенім артуды жалғастырамыз.
— Эдмилсон бүгін жақсы ойнады, бірақ оның «Қайрат» сапындағы дебюті қызыл қағазбен есімізде қалды. Бұл ойында да сары қағаз алды және кейбір сәттерде алаңнан қуылып кетуге шақ қалды. Ол алаңға шыққан сайын бірдеңе болатындай сияқты...
— Иә, ол Словения чемпионатында екі жыл ойнады, осы командаға қарсы шыққан, оларға гол салған. Меніңше, бұл — жеңіске деген құлшынысы. Біреу маған оның сұхбатын көрсетті. Ол бұл қарсыласты өту үшін барын саламын деген. Бәлкім, барлығы осы ынтасынан шығар. Ал «Ордабасыға» қарсы матчтағы қызыл қағаз — эмоция. Қатал ойнағысы келмеген, жай ғана қарсыластың аяғын байқамай басып кетті. Әдейі емес. Бүгінгі ойында да тағы бір қызыл қағаз алып қаламыз ба деп сәл уайымдадық. Ол бұл қарсыласқа қарсы жеңіске жетуді қатты қалады, жеңіске өз үлесін қосуды көздеді. Соңында аяғы тырысып қалды, сондықтан ауыстыруға тура келді. Әйтпесе, оны соңына дейін ойнаттық. Бүгін өте пайдалы жұмыс атқарды. Бәрі де жарады. Ешқандай шағым жоқ. Керісінше, алғыс айтамыз. Бүгін барлығы жүз пайыз күшін салды.
— Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде қандай қарсыласпен ойнаған дұрыс болар еді?
— Біз үшін ыңғайлысы — Молдова. Ол жаққа жету оңай. Ал Финляндия — алдымен Хельсинкиге ұшу керек, одан кейін 400 шақырым автобуспен жету қажет. Дегенмен қарсыласты жеңіл немесе ауыр деп айтуға болмайды. Екеуі де қауіпті. Олар келесі кезеңге өтсе, демек, лайықты қарсылас.
arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»