8 шілде күні «Қайрат» футбол клубы 2025/26 жылғы маусымдағы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізеді. Алматылықтардың қарсыласы — Словения чемпионы, «Олимпия» (Любляна) футбол клубы.
«Олимпия» ФК — Словения футболындағы титулы көп клубтардың бірі. Команда алғаш рет 1945 жылы Югославия құрамында «Олимпия» атауымен Люблянада құрылған. Словения 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін «Олимпия» ұлттық чемпионаттың көшбасшысына айналып, 1992–1995 жылдары қатарынан төрт чемпиондық титулды иеленді.
2005 жылы клуб қаржылық қиындықтар мен басқару дағдарысының салдарынан жабылып қалды. Клубтың негізіне сүйене отырып, «Бежиград» атты жаңа жоба құрылып, ол бұрынғы атауын, клуб символикасын, түстері мен стадионын қайта пайдалану құқығын алды. Осылайша «Олимпия» жаңа заңды мәртебеде өз тарихын жалғастырып, жанкүйерлерін сақтап қалды.
Команданың жетістіктері:
– 8 чемпиондық титул
– 8 Словения Кубогы
– 1 Словения Суперкубогы (1995)
Өткен маусымда «Олимпия» УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастады. Клуб украиналық «Полесье», молдовалық «Шериф» пен хорватиялық «Риеканы» жеңіп, турнирдің топтық кезеңіне өтті. Жарыс жолын 1/16 финалында босниялық «Борац» Баня-Лука клубынан ұтылып аяқтады.
Ұлттық біріншіліктегі басты қарсыласы — «Марибор». Бұл екі клуб арасындағы текетірес «Мәңгілік дерби» деп аталып, елдегі басты классико саналады.
Любляна — Словения астанасы және ең үлкен қаласы. Халқы шамамен 300 мың. Осы көрсеткіш жағынан бұл қала Еуроодақтағы ең шағын астаналардың қатарына кіреді. Мысалы, Алматының бір ғана Бостандық ауданында 360 мыңнан астам адам тұрады. 2016 жылы Любляна «Еуропаның жасыл астанасы» ресми мәртебесіне ие болды. Қала символы — айдаһар. Ол қала мәдениетінде қолданылады әрі «Олимпия» футбол клубының эмблемасының бір бөлігі.
«Олимпиямен» өтетін матч «Қайрат» пен Словения өкілі арасындағы еурокубоктағы алғашқы кездесу болмақ. Команда халықаралық маусым алдындағы дайындығын пысықтады.
Бірінші ойын 8 шілдеде Алматы уақытымен сағат 22:00-де «Стожице» стадионында өтеді. Жауапты ойын 15 шілдеде сағат 20:00-де Алматыда болады. Билетті Qairat SuperApp мобильді қосымшасында сатып ала аласыз.