2025/26 жылғы маусымдағы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын «Қайрат» 22 шілдеде өткізеді. Алматылықтардың қарсыласы — Финляндия чемпионы, Куопио қаласының «Куопион Паллосеура» футбол клубы (ресми — «КуПС»). Бірінші матч бүгін «Вяре Арена» стадионында өтеді. Басталуы – Алматы уақытымен 20:00-де.
Клуб 1923 жылғы 16 наурызда құрылған. Ғасырға жуық тарихында клуб Финляндия чемпионы атағын жеті рет жеңіп алып, бес рет Ел кубогын ұтты. Команданың сары-қара түстері оның айрықша белгісіне айналып, Keltamustat («сары-қаралар») деген лақап атқа ие болды.
«КуПС» — еурокубоктың іріктеу кезеңдерінің тұрақты қатысушы. Алайда команда УЕФА турнирлерінің топтық кезеңіне әлі жеткен жоқ. Соған қарамастан, клуб жанкүйерлеріне әсерлі жеңіс сыйлап жүр. Мысалы, 2020 жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде финдер словакиялық «Слованды» екі матчта тең ойнап, пенальтиде жеңіп өткен.
Қазақстан жанкүйерлеріне «КуПС» 2021/22 жылғы маусымда «Астанаға» қарсы ойынымен жақсы таныс. Конференция лигасының іріктеуінде фин командасы өз алаңында 1:1 есебімен тең түссе, Астанада 4:3 есебімен тамаша камбэк жасап, қазақстандық клубты турнирден шығарған. Сол кездегі құрамда ойнаған әрі қазір де «КуПС» сапында өнер көрсетіп жүргендер – қақпашы Йоханнес Крайдль мен жартылай қорғаушы Артту Хейнонен. Екеуі де бүгін Қазақстан командасына қарсы алаңға шығуы мүмкін.
Команданың бас бапкері – Финляндия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Яркко Висс (43 матч, 3 гол). Ол 2025 жылдың басында қызметке келген. Бұрынғы бапкері Сикстен Бострём қазір клубта техникалық директор жұмысын атқарады.
«КуПС» жастарды дамыту жүйесімен танымал. Академия түлектерінің ішінен 19 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушы Отто Руоппи ерекше көзге түсіп жүр. Ол осы маусымда чемпионатта бірнеше нәтижелі әрекет жасап үлгерді.
Клубтың өз алаңы – «Вяре Арена», Куопио қаласының орталығында орналасқан шағын стадион. Көрермендерге арналған орын саны – шамамен 3 300. Алаң жасанды көгалмен жабдықталған. Климаттық жағдайларды ескерсек, бұл – солтүстік елдер үшін қалыпты жағдай.
Куопио – Финляндиядағы халық саны бойынша сегізінші қала (шамамен 126 мың адам). Аумағы – 4 300 шаршы шақырым. Бұл көлем жағынан далалы және шөлейтті аймақтарды есептемегенде, Ақтөбе облысымен салыстыруға келеді. Қаланың көп бөлігі орман, көл мен төбелермен көмкерілген.
Куопионың климаты салқын. Жазы қоңыржай, қысы қарлы. Табиғаты жағынан қала Шымбұлақ пен Бурабайдың үйлесіміне теңеуге болады. Қылқан жапырақты ормандар, таза көлдер мен төбелі жер бедері, солтүстік сәулетпен үйлесіп, қаланың ерекше скандинавиялық келбетін қалыптастырады.
Аймақтың ерекшелігі — жазда болатын атақты ақ түндер. Бұл мезгілде күн көкжиекке толық батпайды, тіпті түннің өзінде де Куопиода жарық сақталады. Ал қыста солтүстік шұғыласын көруге болады. Сирек кездесетін, бірақ ерекше әсер қалдыратын құбылыс. Әсіресе қаладан алыста байқалады. Қала маңында бұғы, сілеусін, бұлан, аю сияқты аңдарды кездестіруге болады, бірақ олар көбіне орманның терең тұстарында жүреді. Жергілікті жұрт әзілдеп: «Куопиода көшеден гөрі көл көп» — дейді. Өңір аумағында 1500-ден астам көл бар, сондықтан бұл аймақ елдегі ең суға бай өңірлердің бірі саналады.
Бұл кездесу – «Қайрат» тарихында Финляндия клубымен болатын алғашқы еурокубок ойыны болмақ. Қарымта ойын 29 шілде күні 20:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.