«Қайраттың» израильдік қорғаушысы Офри Арад клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының 3-ші турындағы «Каспийге» (3:1) қарсы ойынға қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар командаға үйренісіп кетуі жайлы және чемпионаттың екі аптаға үзіліске тоқтатылатыны жайлы өз ойын айтты.
– Офри, жеңіс құтты болсын! Ойын туралы бір ауыз сөз айтып кетсеңіз.
– Бұл қазіргі кездегі ең қиын матч болды. «Каспий» – допты жақсы жүргізетін өте жақсы команда. Ең бастысы, үш ұпай қоржынымызда. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз!
– Командаға үйреніп жатырсыз ба?
– Бастапқыда тіл жағынан қиын болды. Командаластарымның не деп жатқанын түсіну керек қой. Мен мүлде басқа чемпионаттан, басқа командадан келдім. Қазіргі таңда өзімді сенімді сезінемін. Команда мен бапкерлерді жақсы түсініп жүрмін. Әр ойын сайын өз командама көмектесіп, өнерімді жақсы көрсетемін деген ойдамын.
– Виктор Васинмен бірге ойнаған қалай екен?
– Виктор тәжірибесі мол ойыншы әрі жақсы жігіт. Ол маған команда ішіне сіңісіп кетуге көмектесіп жүр. Әр ойын сайын қарым-қатынасымыз жақсарып келеді. Мен онымен ғана емес, біздің команданың барлық басқа ойыншыларымен де бірге ойнаған қатты ұнап жүр.
– Сіздің тәжірибеңіз біздің жас футболшыларға қай жағынан көмектеседі?
– Мен үшін жас ойыншыларға қысымға төтеп беру жағынан көмектесудің маңызы бар. «Қайрат» – матчы жоғары қысымда өтетін, жеңіс тұғырынан әрдайым көрінгісі келетін үлкен клуб. Израильде де дәл осындай командада ойнадым. Осылайша ойын барысында алаңдамай ойна деп кішкене кеңес беріп отырамын.
– Алда 2 аптаға созылатын үзіліс бар. Сол уақыт арасы командаға қалай көмектеседі?
– Бапкерлер штабы берген демалыс күндері біз демаламыз. Сондай-ақ бірнеше бақылау ойындары жоспарланған, оның аясында командаластарыммен өзара байланысты жақсартуға тырысамын. Чемпионаттың келесі ойынына бұдан да сенімді түрде ойнап, жеңістің арты жеңіс болады деп үміттенеміз.