«Қайраттың» бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 9-туры аясында «Ақтөбеге» (2:1) қарсы өткен ойынға қатысты пікір білдірді:
– Команда атынан және жеке өз атымнан бұл жеңісті Арсен Буранчиевке арнағым келеді. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр. Біз бәріміз оған денсаулық тілейміз. Бұл – ең бастысы, қалғанының бәрі аса маңызды емес. Қазір бәрімізге қиын. Тіпті киім ауыстыратын бөлмеде жылағандар да болды.
Стадионға келіп, тамаша атмосфера жасаған жанкүйерлерімізге және ақтөбелік жанкүйерлерге де көп рақмет айтқым келеді. Мұндай атмосферада ойнау – жақсы. Жанкүйерлерімізге айтарым: сіздер – біздің 12-ші ойыншымызсыздар. Бізге сіздердің қолдауларыңыз керек. Әсіресе, 17 мамыр мен 21 мамырда қажет. Өткен жылы «Кишвардамен» ойнағанымыз есімде. Стадион толы болды, ал бір-екі күннен кейін клубтың барлық түлектері ойнағанда, 1500-ге жуық адам келді. Мен сіздердің әрқашан келіп, қолдағандарыңызды қалаймын. Біз үшін бұл өте маңызды!
– Жанкүйерлер көбіне команда жеңіске жеткен кезде келеді. Әсіресе, «Астана», «Тобыл» және «Ақтөбе» сияқты командаларды жеңгенде.
– Әрдайым осындай ойын көрсетеміз деп уәде бере алмаймын. Бірақ біз тырысып, жаттығып, дамимыз. Жас ойыншылар көп болғандықтан, біз үшін бәрі ойдағыдай бола бермейді. Тұрақсыздық бар екені, соның салдарынан ойын сапасының ақсап тұрғаны анық. Дегенмен әр ойынды мықты ойнап, жанкүйерлерді стадионға тартатындай сапалы әрі әдемі футбол көрсетуге тырысамыз.
– Өткен маусымның соңғы ойынында «Ақтөбе» «Қайратты» тізе бүктірді деп айта аламыз. Сол матч осы ойын қарсаңында есіңізге түспеді ме?
– 5-6 күн бұрын біз сол матчтың бейнежазбасын көрсеттік. Сол матчта төрешілер үш негізгі эпизодта түсініксіз шешім қабылдаған еді. Әзірге оларды ешкім түсіндірмеді. Чемпионаттың соңы болғаннан кейін, ештеңені де түсіндірмей-ақ қойса да болады деп шешкен сияқты. Жеке өз басым осы ойынды жарты жыл күттім, бұл – менің сезімдеріме ғана қатысты. Жігіттерге осы матч үшін ғана емес, сол матч үшін де ойнауымыз керек деп айттым.
– Арсенге бірден жүгіріп келіп, оған алғашқы көмек көрсеткен Лев Кургинді атап өтсек болады. Футболшылардың бір-бірі үшін аянбай ойнап жүргені көрініп тұр.
– Біз бір командамыз әрі бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Лёва бірінші болып жүгіріп келді. Жігіттердің тез әрекет еткені жақсы. Зембіл мен медициналық көліктің кешігіп келгені – ызама тиді. Бұл өте төтенше жағдай болғандықтан, көмекті жедел көрсету қажет болды.
– Команда қазір функционалдық жағынан шыңға шыққан сияқты. Чемпионаттың үздік командаларынан екі есе қатты жүгіріп, озып жатамыз. Бұл шынымен де команданың шыңы ма, әлде әлі де оған өрмелеп келе жатырмыз ба?
– Бұл біздің ең жақсы ойынымыз болды деп айта алмаймын. Менің ойымша, бұл ойында біз менталдылық, физика және ойын жағынан басым болдық. Мүмкіндіктер бойынша біз бірінші таймда-ақ ойынды бітіріп тастаушы едік. Бірақ сапа жағынан мәселелер болды. Біз осы компонент бойынша үнемі жұмыс істейміз.
Бізде ойыншыларды бақылау жүйесі бар. Біз олардың физикалық белсенділігін бақылаймыз. Егер жолдастық кездесулерді ескеретін болсақ, онда біз «Дордой» мен «Пахтакорға» қарсы ойындарда осындай қашықтықты жүгіріп өттік. Әдетте сондай көрсеткіштерден кейін Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп жатады. Осы көрсеткіштерді қайталауға ұмтылып жүрміз. Кейбір себептерге байланысты қолымыздан келе бермейді. Біз жаттығу залында, алаңда көп жұмыс істейміз. Біз футболшыларды әртүрлі бағытта дамытуға тырысамыз.
– Екі күннен кейін «Атырауға» қарсы Кубокта ойнайсыздар. Ойыншылардың физикалық жағдайы қандай? Ротация болады ма?
– Ойыннан кейін базаға барамыз деп шештік. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Дайындалуға қарсыласымызда үш күн, ал бізде екі күн бар. Бұл артықшылық «Атырауға» көмектесе ме, көрейік. Ротацияға келетін болсақ, ол міндетті түрде болады. Енді Арсен жоқ, ал Офри матчты толық ойнамауы керек еді, өйткені ол баласының дүниеге келуіне байланысты төрт күн бойы жоқ болды. Біз медицина қызметкерлерімен және бапкерлермен ақылдасуымыз керек. Кейбір өзгерістер болады, бұл – қалыпты жағдай.
– Кекер – Карпович, Устименко – Покатилов және Сейдахмет – Самородов атты үш жекпе-жектің куәгері болдық. Біріншісінде бәрі түсінікті болса, ойыншылардың қайсысы бұл жекпе-жекте жеңіске жетті?
– Сейдахмет Шомко бойынша ойнады. Дәл қазір нақты айта алмаймын, ойынды талдау керек. Бұл жерде «Қайрат» пен «Ақтөбе» бір-біріне қарсы команда болып ойнайды. Футбол осындай микро дуэльдерден тұрады. Біздің мақсатымыз – ойыншыларымыздың осы микро дуэльдерде жеңіске жету.