«Қайрат» бас бапкері Кирилл Кекер QFL Премьер-лигасының 4-туры аясындағы «Жетісуға» (0:0) қарсы ойынға қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:
– Менің ойымша, гол соғу үшін жеткілікті мүмкіндіктер жасадық, бірақ соға алмадық. Толық басымдық бізде болды, бірақ соңғы пас пен соңғы соққы жетпей қалды. Жаңбырлы күні бізді қолдап келген жанкүйерлерге көп рақмет айтқым келеді. Мың алғыс! Бізге жанкүйерлердің қолдауы керек. Олардың қуанышты да, қиын сәттерде де стадионға келіп, бізбен бірге болғанын қалаймыз.
– Қазақстанда трансферлік терезе жабылды. Сізге «Қайраттың» трансферлері ұнады ма және көңіліңізден шықпайтын нәрсе бар ма?
– Бұған дейін егер бізге сай ойыншы алатын мүмкіндік болса, біз оны аламыз деп айтқанмын. Біз іздедік, бірақ бірқатар себептерге байланысты алмадық. Чемпионат басталмай тұрып қажетті позицияларды күшейттік.
– Әлсіз командалармен екінші рет 0:0 ойнадыңыз. Командаға көп ойыншы жетіспейді деп ойлайсыз ба және ойыншыларға соңғы соққы жетіспейді деп есептейсіз бе?
– Биыл әлсіз командалар жоқ. Барлық команда трансферлік терезеде жақсы күшейіп, көп ойыншы алды. Сондықтан әр ойын финал сияқты өтеді. Бізде көп ойыншы бар. Жас ойыншылардың көп екені, кейде шеберлік жетіспейтіні анық, бірақ осыған байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Біз таңдаған бағытты ұстанамыз.
– Тұрақты пенальти орындаушы – Жоао Пауло. Біріншісінде сәтсіз тепкеннен кейін неге басқа біреу соқпады?
– Жо – біздің көшбасшымыз. Бүгін аяғы жүрмеді. Басында гол соғып жақсы-ақ бастаған. Кейін ол голды есептемеді. Сосын пенальтиден мүлт кетті. Бұндай әр футболшының басынан өтеді. Басқа біреу тебеді деген ой да болған жоқ. Осыған дейін ол барлық пенальтиді соққан. Біз Жоао Паулоға толықтай сенеміз. Ол келесі ойындарда гол соғады.