«Қайрат» бас бапкері Кирилл Кекер Премьер-лиганың 2-туры аясындағы «Тұранға» (0:0) қарсы ойынға қатысты пікір айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Нәтиже көңілімізден шықпайды. Есеп 0:0. Бізде гол соға алатын мүмкіндіктер жеткілікті болды. Бірақ, өкінішке қарай, соға алмадық. Алаңның нашар сапасы ықпал етті. Мұндай факторлар футболшылардың көңіл күйіне әсер етеді. Кейде бәрі біз қалағандай бола бермейді.
– Ойыншылар алаңның сапасына бірнеше рет шағымданған. Бапкер ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Алаң сапасы екі команда да ойнайтын футболға әсер етеді. Бүгін алаң қысқа және орташа пас беріп ойнауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан алыс пас, күрес көп болды. Менің ойымша, екі команда да ойнағысы келді, бірақ нәтиже үшін де жауаптымыз. Екі команда үшін де алаң бірдей болды. «Тұранның» да өз мүмкіндіктері болды. Біз бар артықшылықты пайдалана алмадық.
– Алмасып шыққан ойыншылар ойынға қалай әсер етті?
– Біз бір ойыншыны ғана алмастырдық. Мрынскийдің орнына Ткаченко шықты. Оны шығарып, оң қапталға агрессивтілік қосқымыз келді. Күрес пен стандартты жағдайларда ойынымызды жақсартқымыз келді.
– Екінші ойын қатарынан Сейдахмет алаңға шықпады. Себебі қандай?
– Сейда – біз үшін өте маңызды ойыншы. Былтыр ол негізгі құрамда көп матч өткізді. Менің ойымша, қазіргі уақытта шығып жүрген ойыншылар қазір күштірек. Футболшы алдымен өзіне қарап, жұмыс істеуі, дамуы, алға жылжуы керек.