«Қайраттың» бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 3-ші туры аясындағы «Каспийге» (3:1) қарсы ойынға қатысты пікірін білдіріп, журналистердің сұрақтарына да жауап берді:
– Стадионға келіп, бізді қолдаған жанкүйерлерімізге рақмет. Біз үшін «Орталықтың» атмосферасын сезіну – маңызды. Стадионға мүмкіндігінше көп адам жиналса екен. Ойынға келетін болсақ, мен ойыншыларға ризамын. Біріншіден, бұл өздерінің жеңісі мен еңбегі.
– Жоао Пауло – «Қайраттың» штаттық пенальти орындаушысы ма?
– Бізде пенальтиді жақсы тебе алатын бірнеше жігіт бар. Олар – Жоао Пауло, Алыкулов, Сейдахмет, Швырев және басқалар. Егер Жоао алаңда жүрсе, онда пенальтиді сол бірінші болып тебеді.
– Ойынның соңында Андрей Ульшинге қандай тапсырма бердіңіз?
– Сол кезде бізде алаңда таза шабуылшы болған жоқ, өйткені біз Артурды ауыстырып тастадық. Мен Андрейге «жалған тоғыздық» рөлін ойнауға тапсырма бердім, соған байланысты оның функциялары алаңда аздап өзгерді.
– Шушеначевтің жарақаты қаншалықты ауыр?
– Ертең ол ұлттық құрамаға барып, тексеріледі. Қазір оның жарақатының қаншалықты ауыр екенін айта алмаймын. Оның осыған ұқсас жарақаты болған. Негізі, біздің кесте өте қиын. 10 күнде – 3 ойын. Сонымен қатар, дайындық кезеңінде аптасына бір рет қана ойнайтынбыз. Көбісі 90 минут ойнайды. Және де, біз Павлодарда сағат 18:00-де нөлден төмен температурада ойнадық.
– Ұлттық құрама ойнағанда сіздің командаңыз үзіліс алып, демалып, ой толғап ала ма әлде кейбір ойыншылардың кетуіне байланысты жаттығу процесіне теріс әсер ете ме?
– Ертең біздің Шушеначев пен Алыкулов ұлттық құрамаларына кетеді. 45 минуттан артық ойнаған ойыншылар қалпына келтіру жаттығуларын жасайды. Ал аз ойнаған немесе мүлдем ойнамағандар толық жұмыс істейді. Содан кейін олар үш күн демалыс алады, ал сосын біз жаттығу процесін жалғастырамыз. Бізде екі бақылау кездесуі жоспарланған. Менің ойымша, кәсіби футболшы көп әрі жақсы жаттығуы керек.
– Үш турдан кейін сіз ойын сапасы мен нәтижесіне қаншалықты ризасыз?
– Әрдайым дамуға бет ұрамыз. Әрине, ойынға байланысты мәселе бар, бәрі ойдағыдай бола бермейді, бірақ бұл қалыпты жағдай. Ойынның сапасы жайлы айтатын болсақ, әлі де жұмыс істеу керек. Нәтижеге келетін болсақ, әрине, біз 9 ұпай жинағымыз келеді-ақ, тек 7 ұпай жинағанымызға өкінеміз.
– Қазақстан құрамасына тек Артур Шушеначев шақырылғаны сізді қаншалықты таңғалдырды?
– Ұлттық құраманың кімді шақыратынын жаттықтырушылар штабы шешеді. Менің түсінуімше, Қазақстан құрамасында біздің ойыншыларымыз қазіргі кездегіден көп болу керек еді. Маусым айында бізде құрамада ойнайтындар көп болады деп ойлаймын. Бізде көз қырын салуға тұрарлық жігіттер ойнайды.
– Шушеначев маусымды керемет бастады. Оның өткен жылмен салыстырғанда сенімі артқан секілді.
– Біздің әрбір футболшымыз дамып жатыр. Тек біреуі жылдам, біреуі баяу өсіп жатыр. Біздің жаттығу процесі ойыншылардың жеке дамуына бағытталған. Артур туралы айтатын болсақ, өткен жылы мен бапкер болғанда ол 14 турда 7 гол соқты. Біз барлық ойыншылармен көп сөйлесеміз, жеке бейне талдаулар жасаймыз. Олардың ойынын талдай отыра, қай кезде жақсы ойнау керектігін көрсетеміз. Менің ойымша, Артур мұнымен шектеліп қоймайды. Ол одан да мықты ойнауы керек және оның қолынан келеді де. Оның гол соғатынын онсыз да білеміз. Біздің шабуыл тобындағы әрбір ойыншы гол соғатын болады. Олардың барлығы жақсы деңгейде ойнай алады.
– Сіздің қолдауыңыз Артурдың алға жылжуына әсер етті ме? Өткен жылы оны жанкүйерлер сынға алған кезде, сіз оны баспасөз мәслихатында қолдап едіңіз.
– Мен жанкүйерлерді түсінемін, бірақ менің ойымша, олар адамды құрдан-құр сынға алады. Адамдар тек таблодаға шотты ғана көреді. Мен футболшыларымыздың жаттыққанын күн сайын көремін, олардың күшті және әлсіз жақтарын байқаймын. Мен сол жылы келгенде, сіздерге бірден Артурдың үздік шабуылшы екенін айттым. Ол өткен жылы мен баптап жүргенде гол соғатын, бүгін болса тағы гол соқты. Сынның болғаны дұрыс, бірақ ол орында болса – жөн.
– 7 жылдан кейін алғаш рет «Қайрат» үш турдың қорытындысы бойынша чемпионаттағы ең үздік команда болып тұр. Бұл сіздің ойынға деген нұсқауыңыз ба?
– Өткен жылы қақпаны қорғай бермей, керісінше шабуыл жасау керектігін айттым. Бұл біздің философиямыз және өзіміз қарсылас қақпасынан саңылау тапқымыз келеді. Гол соғу үшін қақпаға тебу керек. Соңғы кезеңде көп мүмкіндіктер жасайтын сәттерді жаттығу барысында пысықтаймыз. Ол да ақырындап өз жемісін береді. Кейде асығып кетеміз, кейде соңғы пасты жеткізе алмаймыз, алайда оны жөндеуге тырысамыз. Қақпаға қарай көп тебу керек. Өткен күзде «Астана» қақпамызға 15 соққы жасады, біз де олардың қақпасына 15 соққы жасадық. Алайда, олар гол соқты, ал біз соқпадық. Биыл біз қарсыластың қақпасына 15 соққы жасап, гол соққанымызды қалаймыз. Бұл – Қазақстан турнирлерінің аясында мен баптаған уақытта гол соқпай кеткен жалғыз матчымыз. Өткен жылы мен қақпашыға да гол соғу керектігін айттым. Ол да қалған ойыншылар сияқты. Оның үстіне, оның соққысы өте жойқын.