«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Кирилл Кекер: «Біз өсіп, дамып, алға жылжып келе жатырмыз»
Қайрат

Кирилл Кекер: «Біз өсіп, дамып, алға жылжып келе жатырмыз»

17 апреля 2023
/ 06:00

«Қайраттың» бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 6-шы турында «Астанаға» қарсы өткен ойынға (3:0) қатысты пікір білдірді:

– Біріншіден, қазір эмоциямыз толып тұр. Бұл – дерби, кездесулеріміз әрқашан тартысты өтеді. Мен бапкерлер штабының идеясын қабылдап, іске асырған ойыншыларымызды құттықтағым келеді. Жеңіс – солардыкы, бұл олардың Алматыда болған жағдайға деген оң реакциясы. Жас ойыншылардың дамып, өсіп жатқанына қуаныштымын. Өткен жылы «Астанамен» өткен матчтарымызға қатысты наразы болып, сын айтқандардың қарасы көп болды. Біз өсіп, дамып, алға жылжып келе жатырмыз деп айтқым келеді. Менің ойымша, бүгін әділдік пен парасаттылық жеңіске жетті.

– Бүгін біз рация арқылы екінші қабатта тұрған көмекшіңізбен сөйлескеніңізді байқадық. Сіз бұл әдісті қаншалықты жиі қолданасыз?

– Футболды түсінбейтіндердің көбі сол рация арқылы біреу бізге кеңес айтып отырады деп ойлайды. Бұл тәжірибені мен 2018 жылы «Қайрат М-де» жұмыс істеген кезімнен бастап қолданамын. Маған көмектескен маман – Травин Андрей Владимирович болды. 2020 жылы мен «Қайрат-Жастарда» жұмыс істедім, осымен айналысқан – Зуев Максим Федорович. 2021 жылы мен бірінші командада жұмыс істегенімде, бұл жұмысты Гавриленко Артём Анатольевич жасады. Қазір «жоғарыдан» біздің сарапшымыз әрі Қазақстан құрамасының бапкері Евгений Коструб айтып отырады. Ол ойынды бақылап, менімен пікір алмасады. Бұл – қалыпты жағдай. «Барселона» – «Манчестер Юнайтед» матчын көрсеңіздер, компьютерлері бар 8 аналитик отырады. Әрине, біздің әлі мұндай керемет мүмкіндігіміз жоқ, бірақ бізде бар мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Бапкерлермен бірге пікір алмасамыз, өйткені алаңның шетінен біз бір нәрсені көреміз, ал жоғарыдан сарапшылар басқа нәрсені көреді. Бір бірімізге айтып отырамыз және бұл – қалыпты тәжірибе.

– Қазақстан құрамасының соңғы ойындарына «Қайрат» ойыншылары шақырылған жоқ. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп болды және өз командаңыздан ұлттық құрамаға кімді шақыруға кеңес берер едіңіз?

– Мен бұл сұраққа жауап бергенмін. Біріншіден, мен ешкімді ұсынбаймын. Қазақстан құрамасының білікті бас бапкері мен оның көмекшілері бар. Олар өздеріне керек ойыншыларды таңдайды. Менің ойымша, біздің команданың ойыншылары көбірек болуы керек және маусым айындағы жиында біздің ойыншылардан ұлттық құрамаға біреу шақырылады. Біз де, ойыншыларымыз да осыған ұмтыламыз.

– «Астанаға» қарсы матчқа дайындық қаншалықты ерекше болды?

– Әр ойында гол соғатынымызға сенімдімін. Бұған мен нық сенімдімін. Өткен жылды алып қарасаңыз, гол соға алмаған жалғыз матч – «Астанаға» қарсы ойын. Қазіргі уақытта әрқашан гол соғатынымызға сенімдімін. Алайда әлі де қиындықтар туындайды. Көбінесе жеке қателердің, кейде ұжымдық қателердің кесірінен гол жібере береміз. Бүгін біз қарсыласты таңғалдырғымыз келді, бірдеңені өзгертіп, қарсыластың күшті жақтарын бейтараптандырғымыз келді және бұл менің Қайрат құрылымында жүргенімдегі бірінші рет қарсыласқа бейімделуіміз. Бүгін бізге тек жеңіс керек еді, оған қол жеткіздік. Кез келген жағдайда схемалар – жай шартты нәрсе. Менің ойымша, бүгін біз допсыз болған кезде алаңда 11 қорғаушымыз болды, олардың біреуі қолмен ойнай алатын қорғаушы. Біз доппен болған кезде бізде 11 шабуылшы болды.

– Бүгінгі төрешілікті қалай бағалайсыз?

– Эмоция кезінде төрелік жайлы айтпай-ақ қояйық. Төрешілер – адам және олар да қателесуі мүмкін деп ойлаймын. Егер бұл төреші осы матчқа тағайындалған болса, онда ол лайықты деген сөз. Эмоция кезінде төрешілік туралы мәлімдеме айтқан қате болар еді. Ойынның жазбасын қарағанда, сол кезде объективті баға берсек болады.

– Шушеначевтың бастапқы құрамда болмауы немен байланысты?

– Артур – біздің команда үшін және мен үшін бапкер ретінде өте маңызды ойыншы. Ол – вице-капитандардың бірі, жүйе құрушы ойыншы. Оның болмауы тек бүгінгі ойынға шабуылшыларды таңдаумен байланысты болды. Артур екеуміздің арамызда ешқандай проблема жоқ және жалпы, болуы да мүмкін емес. Артур – келісімшарты бар, өз міндеттерін орындайтын кәсіби футболшы. Мен – өз шешімдерім үшін жауап беретін бапкермін және құрамды таңдауға құқығым бар. Бүгінгі ойында біздің бапкерлер штабына шабуылдаушылардың ең жақсы таңдауы – Жоао Пауло мен Швырев болып көрінді.

– Сізге Крачковскийдің ойыны қалай?

– Біз жас ойыншыларды алып, оларды дамытып, болашақта сатқымыз келеді. Антон – үлкен жұмыс атқаратын және біздің клуб ақша тапқысы келетін керемет футболшы. Оның өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Біз қазақстандық ойыншыларды да дамытып жатырмыз. Егер бүгінгі шыққан құрамды алсақ, сол шыққан ойыншыларға тек уақыт беру керек. Олардың ешқайсысы ҚПЛ-да 50 матч өткізбеген. Олар бұл жауапкершілікті өз мойнына алады және мұндай қиындықтармен кездесуі алғаш рет, оларды еңсеруге тырысып-ақ жатыр. Иә, қолынан бірден келе бермейді, бұл – қалыпты жағдай. Осындай маңызды матчта да жас ойыншыларды шығаруға қорықпаймыз. Егер біз оларға сенбесек, олар қайда әрі қашан ойнамақ?

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»