«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Исаэль – «Қайраттың» тарихындағы үздік легионер. Алматылық клуб ойыншысы жайында үлкен мақала
Біз туралы БАҚ

Исаэль – «Қайраттың» тарихындағы үздік легионер. Алматылық клуб ойыншысы жайында үлкен мақала

31 июля 2018
/ 00:00

14 жасында базарда ет сатып, жиырмаға келгенде кәсіпқой футболға қадам басты. Ал арада алты жыл өткенде «Қайраттың» ойыншысы атанып, Қазақстан біріншілігінің үздік футболшыларының біріне айналды. Prosports.kz  Исаэль Барбозаның мансабының қалай болғанын айтып береді.

Төрт жыл бұрын «Қайрат» қатарына көптеген футболшыларды қосты. Ресейлік «Краснодардан» Исаэль Барбоза – Жерар Гоу жұбы келді Алматыға. Ивуарлық футболшы бірден жергілікті футболға үйреніп, жанкүйерлердің сүйіктісіне айналып үлгерсе, Исаэль ұзақ уақыт бойы өз ойынын таба алмады.

Исаэль Барбоза мансабын отанында бастаған. Кәсіпқой футболға тек 20 жасында қадам басқан оның аладоп аламанындағы жолы әрқилы болған. Бала кезінде ол тіпті футбол мен қатар жұмыс та істеп үлгерген.

«Анама көмектескен кездер болған. Біз анаммен базарда ет саттық. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Өйткені 14 жасымда қаладан кетіп қалған едім», – деп еске алады ойыншы. Ол кезде бала Исаэль «Фенербахченің» капитаны Алекстің ойынына қызығатын. Оның сол аяқпен жасаған соққылары, шеберлігі, алаңды көре білетіндігі, тіпті, шаш үлгісіне дейін Исаэль қайталап істейтін.

«Гремио» академиясының түлегі бірнеше мәрте жалда ойнаған. Арасында Түркияға ат басын бұрды. Дегенмен мансабындағы ең маңызды сәт 2012 жылы орын алды. Ол «Коритибы» командасынан кәріқұрлықта орналасқан португалиялық «Насьонал» клубының ойыншысы атанды. Сагриш Лигасында өткізген бір маусымнан соң «Порту» секілді біріншіліктің алыптары көз салды. Бірақ жас футболшы қаржылық жағынан да, ойыны жағынан да жайлы ресейлік «Краснодарды» таңдады. Ол кезде «Краснодар» енді аяғына тұрып келе жатқан. Басында жап-жақсы-ақ бастаған Исаэльді қырсық шалды. Біресе жарақат алып, біресе бәсекелестіктен алаңға шықпай жүрді. Дегенмен жанкүйерлер оны «Спартактың» қақпасына соққан керемет добымен еске сақтады.

«Қайратқа» ауыспас бұрын Исаэль досы Маркос Пиззелимен ақылдасқан екен. Бразилияның тумасы «Ақтөбе» сапында жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналып үлгерген еді. Исаэль Қазақстанға көше салысымен жақын досымен бәс жасайды. Алайда Қазақстанға жарты жыл ерте келген Пиззели сегіз голмен жолдасын ұтып кеткен.

Осы төрт жыл ішінде Исаэль «Қайраттың» нағыз көшбасшысына айнала білді. Алаңда бір орында тұрмай, аяқты аяққа тигізбейтін Исаэль жанкүйерлердің сүйіктісіне айналды. Жасыл шөпке шыға салысымен қозы-лақтай ойқастаған ол қарсыласының әбден зығырын шығарады. Төрт жылда бразилиялық ойыншы маусымында кем дегенде бес голдан соғып отырған. Жаман көрсеткіш емес.

Қазақстанға сіңісіп кеткен ойыншы азаматтығын ауыстырып, Ұлттық құрамада ойнауға әзір. Әрқашан жанкүйерлермен емін-еркін әңгімелесіп, тілшілердің кез келген сұрағына жауап беруге дайын.

«Қайратта» Вайсстың командасынан санаулы ойыншылар қалды. Атап айтқанда: Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат және Исаэль Барбоза. Шабуылды жақсы көретін Владимир Вайсстың командасын жанкүйерлер сағынышпен еске алады. Осы уақыт аралығында команда капитаны Бауыржан Исламханның өзіне де кейбір сәтте алаңда орын табылмай қосалқы құрамға отырып қалса, «Қайратқа» келген кез келген бапкер Исаэльді құрамнан алып тастамаған.

Сөзсіз, Исаэль «Қайратпен» не чемпиондық тәжді киюді не еурокубоктық күзді аңсайды. Дегенмен, қазірдің өзінде Исаэль «Қайратты» өрге сүйрейтін көшбасшыларының бірі.

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»