ҚР Суперкубогы ойыны қарсаңында Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков «Қайрат» футбол клубында қонақта болды. ҚФФ басшысына алматылық клубтың барлық инфрақұрылымы көрсетілді.
Қазақстан футбол федерациясының жетекшілері ең алдымен Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» футбол клубының академиясын аралады. Академияда ойыншыларға арналған оқу бөлмелері бар. Сонымен қатар, Әділбек Рыскелдіұлы академия тәрбиеленушілерінің жаттығуын, ерекше балаларға арналған «FC Kairat Blind Football Team» командасының ойынын тамашалады.
Заман талабына сай академияда дәріс беру бірыңғай әдістемемен жүргізіледі және арнайы бағдарламамен бақыланады. Оқу мекемесінің медициналық бөлімі толыққанды медициналық журнал толтырады. Ол арқылы футболшылардың сырқаты, жарақаты және қалыпқа келу жолдарымен танысуға болады.
«Қайрат» академиясында 600-ге тарта бала жаттығады. Футболдың қыр-сырын меңгеруге жыл сайын Еуропада біліктілігін арттыратын 57 кәсіби бапкер көмектеседі.
Жұмыс сапары аясында Қазақстан футбол федерациясының басшысы «Қайрат» футбол клубының бес футбол алаңы бар заманауи спорт базасын аралады. Сонымен қатар, әлемде санаулы ғана командаларда баламасы бар footbonaut жаттығу құрылғысы көрсетілді. Спорт базасында жабық манеж, медициналық бөлме және клуб қызметкерлеріне арналған кеңселер бар.
Сапар соңында «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың арнайы жейдесін Әділбек Жақсыбековке табыс етті.
Түпнұқасы: kff.kz