«Жетісу» командасының бас бапкері Дмитрий Огай матчтан кейінгі баспасөз конференциясы аясында «Қайратпен» ойыннан алған әсерлерімен бөлісті, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
- Қорғаныс пен шабуыл кезінде не болғанын түсіну үшін терең талдау жасау керек. Мен қорғаныста өте ұйымшылдықпен ойнағанымызды көрдім.Бірінші таймда да, екінші таймда қарымта шабуылдарда мүмкіндіктер болды. Кемі бір гол соғуға лайықты болдық. Өкінішке орай, «Қайраттың» қақпасының кілтін таба алмадық. Жалпы, футбол сапасына қанағаттанамын.
- Бірінші таймның соңғы минуттарындағы даулы жағдайды Қазақстанда VARжүйесі болғанда шеше алар ма еді?
- Иә, жаңа технологияларды енгізу керек. Бір жағынан, бұл ойынды баяулатады. Бұны Америка Кубогының матчтарынан көріп отырмыз. Егер бұл шешім тезірек шығарылса, төрешілер бес минут бойы бір сәтті анықтамас еді. Ал бірінші таймның соңында болған жағдайға маған түсініктеме беру қиын. Степанюк тәртіп бұзылды деді, бірақ мен осы сәтті көрмедім.
- Біз доп сызықта болған сәтті айтып отырмыз.
- Білмеймін. Мен тұрған жерден оны анықтау қиын.
- Қалай ойлайсыз, «Жетісу» бір ұпай еншіледі ме, әлде екі ұпай жоғалтып алды ма?
- Гол соға алмадық, сондықтан, ойын тең болды деп ойлаймын. Біз көп уақытты қорғаныста өткіздік. Дегенмен, бізде жақсы мүмкіндіктер болды. Шабуылда жас жігіттер жүр. Мысалы, Айбар Жақсылықовтың Премьер-лигада тәжірбиесі жоқ. Әрине, алаңға шыққан кезде қобалжитыны түсінікті. Тәжірибе жинау үшін уақыт қажет.
- Бірінші айналымда 3:0 есебімен жеңіске жеттіңіздер. Сол кездегі матчпен салыстырғанда, «Кайраттың» ойыны өзгерген бе?
- Әр кезеңді бөліп саралау керек шығар. Бізде ол кезде барлық футболшы қатарда болатын, ойынымыз да жүріп тұр еді. Сапалы футбол көрсетіп жүрдік. Кейін бірнеше футболшымыз қатардан шығып қалды. Сондықтан ойынымыз өзгерді. «Қайрат» - керісінше, соңғы матчтарда сәтті ойнап жүр.
- «Жетісу» Аслан Дарабаевпен келісімшартқа отырды ма?
- Иә, Аслан Дарабаев бізбен жаттығады. Менің ойымша, ол біздің командамызды күшейтеді.
– «Жетісу» қай таймда жақсы ойнады?
- Менің ойымша, матчтың екі бөлігінде де бірдей ойын көрсеттік.