Ұлттық құрама ойындары аяқталып, «Қайрат» ФК-ның ойыншылары клуб сапына оралуда.
Алматылық клубтың капитаны Яцек Гуральский Польша Ұлттық құрамасымен бірге 2022 жылғы Әлем Чемпионатына жолдама алды. Финалдық ойында Швеция құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді, Яцек алаңда 45 минут өнер көрсетті.
Темірлан Анарбеков, Егор Ткаченко, Арсен Буранчиев, Еркебұлан Сейдахмет, Данияр Үсенов және Вячеслав Швырев Қазақстан жастар құрамасы сапында, Еуро 2023 іріктеу кезеңі аясында, Шотландиямен (2:2) есебімен тең нәтижеге қол жеткізді.
Еркебұлан Сейдахмет 71-минутта пенальтиді сәтті орындады, ал Данияр Үсенов 75-минутта алаңға шығып, бұрыштамадан доп асырып, есепті теңестіруге септігін тигізді. Темірлан Анарбеков 90 минут бойы өнер көрсетті. Вячеслав Швырев 64-минутта, командаласы Арсен Буранчиевті алмастырып алаңға шықты. Қорғаушымыз Егор Ткаченко қосалқы құрамда қалды, ал Дамир Касабулат болса, жарақатына байланысты клуб сапына ерте оралуға мәжбүр болды.
Гүлжігіт Алықұлов Қырғызстан құрамасы сапында, Өзбекстанда Наманган қаласында өткен Navruz Cup 2022 халықаралық жарысқа қатысты. Жарысқа 4 команда қатысты: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Уганда ұлттық құрамалары. Қырғызстан құрамасы 4-ші орын иеленді.
Жасурбек Жалолиддинов Өзбекстан жастар құрамасы сапында, Dubai Cup жолдастық турниріне қатысты. Вьетнам құрамасына қарсы ойын көрсетіп, Жасурдың айып соққысынан соққан голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті.