«Қайрат-Жастар» Бірінші лига чемпионатының алғашқы турында «Ақтөбе-Жасты» тас-талқан етті. Матч есебі – «сары-қаралардың» пайдасына 4:1.
Бірінші лиганың алғашқы турындағы соңғы матчта «Қайрат-Жастар» өз алаңында «Ақтөбе-Жасты» қабылдады. Турнир кестесінде бірінші орын алу үшін алматылықтарға ірі жеңіс қажет болатын. Сондықтан, Александр Арефьев шәкірттері бірінші минуттан алға ұмтылды. Ойынның алғашқы минутында-ақ қонақтар ереже бұзып, алаң иелері қауіпті стандарт орындады. Адам Адахаджиев пас әуелеткен, Бақдәулет Жүзбай допты басымен Мейірлан Қайырмағамбетовтың қақпасында тулатты. Жылдам гол «Қайрат-Жастар» ойыншыларына қанат бітірді, олар қарсыласқа алаңның барлық аймағында қысым көрсетуге тырысты. Негізгі командада ойнайтын Ғафуржан Сүйімбаев, Александр Соколенко мен Рифат Нұрмұғаметпен күшеюі алматылықтардың фарм-клубына сенімділік берді. Бұл футболшылар алаңда қателіксіз ойнады. 37-минутта Адахаджиевте есепті еселейтін мүмкіндік болған. Оның айып соққысынан тепкен добы қақпаның маңдайшасына тиді.
Үзілістен кейін «Ақтөбе-Жас» есепті теңестіру үшін алға ұмтылған, алаң иелері соны сәтті пайдаланды. Жылдам қарымта шабуыл кезінде Артур Шушеначев қаптал арқылы ортаға ығысып, соққы бағыттады. Қарсыластың қақпашысы допты кері қайтарғанымен, Ғафуржан Сүйімбаев бірінші жетіп гол соға алды. Матчтың 57-минутында «Ақтөбе-Жас» есепті қысқартқан болатын. Алайда алматылықтар көп ұзамай үшінші голын соқты: Артур Шушеначев допты қонақтар қақпасының «тоғыздығында» тулатты. Матчтың нүктесін Рифат Нұрмағамет қойды. Оның алыстан жасаған соққысын Қайырмағамбетов ұстай алмады. Кездесу нәтижесі – 4:1. «Қайрат-Жастар» Бірінші лиганың турнир кестесінде көш бастады.
«Әрине, алғашқы гол ойыншыларға сенімділік берді, - деді матчтан кейін «Қайрат-Жастар» бапкері Александр Арефьев. – Жалпы, менің ойыншыларым ойынды бақылауда ұстады, матч бойы қарсыласқа қысым жасауға тырысты. Барын салып ойнағандары үшін алғыс айтамын. Мұндай гол жібегеніміз өкінішті: өз қателігіміз. Жалпы алғанда, жақсы ойнадық. Маңызды жеңіске қол жеткіздік, ол ойыншыларымызға психологиялық тұрғыда көмек болады».