Түркиялық жиындағы соңғы матчында «Қайраттың» жастары черногориялық «Единствоның» резервіне жол берді.
Анталиядағы соңғы күнінде «Қайрат-Жастар» Биело-Поле қаласының намысын қорғайтын «Единство» клубының екінші құрамымен күш сынасты. Черногориялықтар матчта ерекше жігермен шықты: олар бірінші минуттан алматылықтарға жоғары қарқын ұсынып, қос қаптал арқылы жылдам шабуылдады. Қайраттықтар бұл қарқынға төтеп беріп, ойын өз қақпасынан алыстата алды. Ойын барысын теңестірген Александр Арефьев шәкірттері бірнеше шабуыл ұйымдастырған, бірақ «сары-қараларға» соңғы сәтте дәлдік жетіспей жатты. Қарсылас сапынан 32-минутта Мильян Ковачевич гол соғатын мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірінші таймның соңғы минутында черногориялықтар допқа ие болып, Никола Радойчич алыстан жойқын соққы бағыттады. Радойчичтің соққысын алматылықтар «жауып» үлгермеді – 0:1. Бір минуттан соң командалар үзіліске кетті.
Екінші таймда Александр Арефьев түгелімен құрамды ауыстырып тастап, алаңға жаңа ойыншыларды шығарды. Бапкерлік штабтың жоспары бойынша, ОЖЖ-ға келген жас қайраттықтардың бәрі бірдей ойын уақытын алуы тиіс болған. Ал «Единствоның» бапкері құрамды ақырындап өзгертіп отырды. 51-минутта Адам Адахаджиевтен пас алған Андрей Ульшин алыстан жақсы соққы жасады. Кейін Марлен Аймановта есепті теңестіретін мүмкіндік болды. Қарсыластың қақпашысы тәуекелге барып, қауіптің бетін қайтарып тастады. Таймның ортасында черногориялықтардың бапкері алаңға қапталда ойнайтын тың футболшыларын шығарған. Бұл өз жемісін алып келді. 62-минутта Виктор Живойнович сол қанаттан пас асырды, ал Руан Аманжол допты тоқтатамын деп, оны өз қақпасына жіберіп алды. Матч черногориялық футболшылардың жеңісімен аяқталды – 0:2.
«Бізге өте жақсы қарсылас түсті, - деді ойыннан кейін «Қайрат-Жастар» бапкері Александр Арефьев. – Ол барлық тұста бізден басым бола алды. Жұмылған, бір-бірімен ойнап үйренген ұжым. Оның үстіне, физикалары мығым. Допқа таласта көбіне қарсылас жеңіске жетті. Бірақ өз шәкірттеріме айтар шағымым жоқ. Олар расымен де тырысты. Бар күшін салды. Қорғаныста ойнау қиынға соқты. Қарсыласта өткір шабуылшылар болды, олар бізге көп қиындық тудырды. Қалай дегенде де, мұндай ойындардың өз пайдасы бар. Жас футболшылар мұндайда тәжірибе жинайды».