«Қайрат» футбол клубы

«Қайрат» футбол клубы

Қайрат Боранбаев – жаңа бапкер, жас ойыншылар мен Қазақстан құрамасы жайында
Біз туралы БАҚ

Қайрат Боранбаев – жаңа бапкер, жас ойыншылар мен Қазақстан құрамасы жайында

05 декабря 2018
/ 00:00

Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Sports.kz-ке берген сұқбатында бапкерлік штабтағы өзгеріс, Қазақстан кубогындағы ойындар мен Қазақстан ұлттық құрамасының күш-қуаты жайында айтты.

- Қайрат Советайұлы, қалай ойлайсыз, маусымның бірінші бөлігінде өте жақсы ойнаған, Еуропа лигасында «АЗ Алкмардан» сенімді өткен команда кейін шешуші кезеңде неге өте сәтсіз өнер көрсетіп, ойыны құлдырап кетті?

- Ештеңе құлдырамады. Сіз неліктен солай ойлайсыз? Жоқ, өкінішке қарай, бұл – футбол. Осылай болып тұрады. Биыл нәтижеміз өте жақсы деп санаймыз. Бәрі де «Қайраттың» чемпион болғанын қалайтынын түсінеміз. Біз де соны қалаймыз. Бүкіл қалаға, клубтың жанкүйерлеріне осы мерекені сыйлағымыз келеді. Жылдан жылға біз алдымызға бір мақсатты қоямыз, соған қарай жылжып келеміз.

Сондықтан, құлдырау туралы айту ... Өкінішке қарай, мұндай жайттар болып тұрады. Шамасы, кейбір қателіктер... Не істей аламыз? Биыл барлық клубтарда түрлі проблемалар болды, сондықтан бұл қалыпты жағдай. Өкінішке қарай, бұл осылай.

- Исаэль Барбоса «Қайраттан» қаржы бойынша келісе алмағандықтан кетті ме?

- Жоқ-жоқ. Оның келісімшарты аяқталды. Футболшы өз келісімшартын толық өтеді. Ол мұнда үш жылдан бері ойнап жүргендіктен, отбасымен ақылдасып, жағдайды өзгерткісі келді – бар болғаны сол.

- Андрей Аршавинге Алматыда қалуды ұсынбадыңыз ба?

- Егер онда ешқандай ұсыныс болмаса, біз Қазақстанда оны қашан да күтетінімізді айттық.

- Қандай рөлде?

- Академияда бапкер жұмысын ұсынамыз.

- Алексей Шпилевский «Қайраттың» бас бапкері болып тағайындалуына байланысты көп сын айтылғанын білетін боларсыз...

- Ешқандай сын жоқ. Жаңа бапкер келген кезде барлық жанкүйерлердің осындай пікір білдіруі қалыпты жағдай. Біз де бұған қалыпты қараймыз. Мен даму жолымыздың стратегиялық жоспары бар екенін бірнеше рет айтқанмын. Соңғы екі жыл бойы біз «Лейпциг» футбол клубында, сондай-ақ, Лейпциг университетінде бапкерлер құрамын оқыттық. Бастапқыда біз бұл бағдарламаны бастаған кезде, «Лейпциг» футбол клубы бас бапкер мен академияның басшысын таңдауға көмектеседі деп келіскен болатынбыз. Сондықтан бұл біздің жүйелі міндетіміз. Біз жәй ғана маусымның аяқталғанын күттік. Кез келген жағдайда, маусымның аяғында біз бапкермен қоштасар едік. Кез келген жағдайда. Бәрі осылай болды. Қазақстан кубогының финалына дұрыстап дайындалу үшін ертерек қоштасуға тура келді.

Біз үшін маңызды мақсат Кубокты жеңіп алу еді. Біз алғаш рет қазақстандық футболшылармен ойнадық. Неге екенін білмеймін, ешкім оған назар аударғысы келмейді.

- Жоқ, Қайрат Советайұлы, толығымен қазақстандық құраммен жеңіп алу – үлкен құрметке лайықты.

- Міне, соған назар аударыңыздар. Мұрағатты көтеріңіздер: қазақстандық клуб соңғы рет қашан жергілікті футболшылармен ғана ойнады? Бұл бірінші рет. Біз өзіміздің қазақстандық футболшыларымызға сенеміз, ойнауға лайық екендеріне сенімдіміз. Тәжірибені басқаша қалай алады? Сондықтан біз қайда бара жатқанымызды жақсы түсінеміз. Сол үшін біз академия салып, жас футболшыларды дайындадық.

Биыл бізде жаңа жас таланттар пайда болды. Қараңыздаршы, - өткен әлем чемпионатында көптеген құрамаларда өте көп жас футболшылар ойнады.

- Мысалы, Франция.

- Кез келген табысты команданы немесе клубты ал – оларда 18, 19, 20, 21 жасында сенім артылған жас футболшылар өте көп. Менің ойымша, біздің жастарға да сену керек. Шынымды айтсам, олар өздерін көрсетуі үшін мен барлық уақытта күресіп жүрмін. Менің ойымша, олар өздерінде болған бұл мүмкіндікті жүз пайыз пайдаланды. Қазақстандық жігіттерге өте ризамын. Олар бұл жеңіске лайықты. Олар қалай дайындалғаны көрініп тұрды... Оларға, бірінші кезекте, өздеріне футболшылар екенін дәлелдеу қажет болды.

- Алексей Шпилевскийге қайта оралсақ: осы 30 жастағы маманның бойынан не байқадыңыз?

- Біріншіден, бұл – «Лейпциг» клубының ұсынысы. Біз оның өте жақсы харизмасы бар, өте білімді екенін білеміз. Сонымен қатар, қаңтардан бастап академияда жаңа басшы болады, ол да Лейпцигтен келген неміс маман, біз келісімшартқа отырдық. Ол, айтпақшы, жас емес, - 60 жастағы маман. Біз стратегиялық жоспарымыз бойынша алға қойған мақсаттар мен міндеттерімізді ескере отырып, клубтың философиясын дамытқымыз келеді.

- Клуб негізгі екпінді жергілікті тәрбиеленушілеріне қоя ма?

- Көбіне өз ойыншыларымызға көңіл бөлеміз, бірақ, әрине, шетелдік ойыншыларды да шақырамыз, лимит соған мүмкіндік беріп тұр. Бірақ өз философиямызға сай шетелдік жас ойыншыларды шақырамыз. Олар біздің қандай футбол ойнағымыз келетінін түсінуі керек. Ал біз жоғары, агрессивті, атлетикалық футбол ойнағымыз келеді.

- Яғни, Алексей Шпилевский – ақылды, харизмасы бар маман және тактиканы жақсы біледі ме?

- Өте дұрыс.

- «Қайрат» Харри Реднаппты шақырғысы келгені рас па?

- Реднапп туралы. Біз онымен таныспыз, байланысып тұрамыз. Ал оны шақырғанымыз туралы... Ол бізге келгісі келеді, бірақ, бұл, әрине, жарнама үшін жақсы, бірақ біздің футбол үшін ерте екенін өте жақсы түсіндік. Бір қарапайым нәрсені түсіну қажет. Қазақстанға жұмыс істеуге не ойнауға келетін бапкерлер мен ойыншылар, өкінішке қарай, біріншіден – ақша табуды қалайды, ал екіншіден – бізге өздерін көрсету үшін келетін бапкерлер аз. Алексей Шпилевский – өзін ұлы жаттықтырушы бола алатынын дәлелдеу үшін келетіндердің бірі. Қараңызшы, Германияда соңғы жылдардағы бапкерлік тарих осындай жаттықтырушылармен байланысты.

- Томас Тухельді айтып отырсыз ба?

- Иә, жалғыз оны ғана емес. Дортмундқа, «Шалькеге» қараңызшы. Қайда бара жатқанымызды өте жақсы түсінеміз.

- 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасының тобы жайлы пікіріңіз қандай? Бізге Эден Азар мен Артем Дзюба келеді.

- Жақсы. Біздің жеңуіміз керек. Менің ойымша, Қазақстан өз алдына ең жоғарғы міндетті қоюы керек. Бізде тәжірибе жинақтаған және ойнай алатын тәжірибелі қазақстандық футболшылар жеткілікті. Бізге ең төменгі тапсырманы қою керек – екінші орын. Одан қорқудың керегі жоқ. Біз әрдайым біреуден немесе бір нәрседен қорқамыз. Бізден қорықсын.

- Қазақстандық бірқатар футболшылар осы маусымаралық үзілісте «Қайраттан» кетуі мүмкін екенін естідім, оның ішінде Ғафуржан Сүйімбаев та бар. Бұл жайында не айта аласыз?

- Бірінші рет естіп тұрмын. Бірде Қуатты басқа жаққа жібереді, сосын Жуковты,  кейін Сүйімбаевты. Мұндай әңгіме болған емес. Бізде осындай әңгімелер мүлдем болмайды. Бәрі қайдан шыққанын білмеймін. Айтпақшы, бұл туралы өзіңіздің журналист достарыңызға айтыңызшы, олар қауесетті шындық деп жазбасын. Мұның бәрі жалған.

- Демек, қазіргі құрамдағы қазақстандық барлық ойыншы қала ма?

- Иә. Жалға берілген ойыншылар да қайта оралады. 

arrow-prev
arrow-next

Поделиться

Біздің серіктестер

close

Единый личный кабинет ФК «Кайрат»