Владимир Иванушкин мерейтойын атап өтуде. «Қайраттың» «Орталық» стадиондағы алғашқы голының авторы 80 жасқа толды!
1958 жылдың 17 тамызында Владимир Николаевичке «Орталық» стадионның толық трибуналары қол шапалақтады. Сол күні «Қайраттың» шабуылшысы пермьдік «Звезда» қақпасына жеңіс добын соқты. Бұл доп Алматыда жаңадан ашылған спорт аренасындағы бірінші гол болды.
Аты аңызға айналған форвард «Қайрат» үшін 1958 жылдан 1967 жылға дейін ойнады. Владимир Иванушкин Тимур Сегізбаев, Диас Омаров, Сергей Квочкин, Леонид Остроушко сияқты танымал жұлдыздармен бір ұжымда өнер көрсетті.
Біздің үлкен «сары-қаралар» отбасы Владимир Николаевичке мықты денсаулық, отбасылық амандық, ұзақ өмір тілейді! Мерейтойыңызбен!