- Алексей Николаевич, карантин кезінде уақытыңызды қалай өткізудесіз?
- Шынымды айтсам, Ренат, мен үшін күндер өте тез өтуде. Мен таңертең кішкентай қызыммен уақыт өткізе аламын. Серуендеймін, жаялықтар ауыстырамын, күнделікті жасап жатқан қадамдарын бақылаймын. Бұл үлкен бақыт. Бала біздің өмірімізді қызықты етеді. Қызым ұйықтағанда – оқимын, түрлі лекциялар мен сұхбаттарды тыңдаймын. Көп уақыт команда штабымен, ойыншылармен байланыста боламын. Дәрігер Христос Пападопулоспен ойыншыларға арналған онлайн-жаттығуларды дайындаймыз, яғни жаттығуларды видеоға түсіреміз, өңдейміз, содан кейін футболшылармен видеобайланыс арқылы оларды өткіземіз. Күн сайын біздің медициналық штабпен, бірінші кезекте бас дәрігер Александр Корниловпен сөйлесемін. Қазір іш пысатындай уақыт жоқ, әрине барлығымен онлайн емес жүзбе-жүз жұмыс істегім келеді. Жігіттерді, алаңдағы жаттығуларды, ойындарды сағындым.
- Бізге онлайн жаттығу туралы айтып берсеңіз. Оларды қалай қалыптастырасыз, қалай өткізесіз?
- Жаттығуларды қалыптастыруға көп көңіл бөлеміз. Біз бар күшімізді салып, ойыншылардың формасын қолдауға тырысамыз. Әрине, жігіттерге допсыз жұмыс жасау қиын, барлығы толық жаттығуларды сағынды. Ал, біз үнемі жаңа элементтерді, жаттығуларды қосуға тырысамыз. Олар әр түрлі болса, футболшылар үшін қызықты болады. Біз күн сайын онлайн режимінде жаттығу өткіземіз. Үдерісті үнемі қадағалаймыз, жаттығуларды бақылауда ұстаймыз, жүктемені реттейміз. Бұған көп уақыт кетеді.
- Сіз үшін карантин кезіндегі басты жаңалық қандай?
– Көптен бері әйеліммен бірге көп уақыт өткізбедім! Тіпті оны аспаздық қабілеттеріммен бірнеше рет қуанттым. Түскі ас пен кешкі ас дайындадым. Менің ойымша, әйеліме ұнады.
- Сіздің оқуыңыз қалай өтуде?
- Мен неміс институтында академиялық демалыс алуды шештім, ал өз-өзімді дамытумен күн сайын айналысамын: оқимын, жаттықтырушылармен араласамын. Біз әр түрлі тақырыптарды, үрдістерді талқылаймыз. Сондай-ақ мен PRO лицензиясына қорытынды емтихан үшін дипломдық жұмысымды жазудамын. Бұл маңызды жұмыс. Біз доктор Христоспен бір тұрғын үй кешенінде тұратындықтан, мен одан көп нәрсені үйренудемін. Физиология, биомеханика, біздің жаттығуларымыздың ағзаға әсер етуі туралы, периодизация жайлы өзіме көп нәрсе аштым. Дәрігер Христостың гений екенін қайталаудан шаршамаймын.
- Фильмдер мен сериалдар қарауға уақыт бар ма?
– Сену қиын шығар, жалпы теледидар қарамаймын. Уақыт жетіспейді.
- Өз еркімен жалақыны төмендетуге бару туралы шешім қалай қабылданды.
– Менің ойымша, барлығы әлемдік жағдайды, экономикада не болып жатқанын бақылап отыр. Клубқа шығындарды қысқартуға көмектесу керек болды, бұған барлығы түсіністікпен қарады. Бұл дұрыс әрекет.
- Карантин қашан аяқталады деп ойлайсыз?
- Білесіз бе, мұны болжау қиын. Күн сайын көптеген ақпарат алып жатырмыз. Таныстарымнан және ата-аналарымнан Германияда чемпионат мамыр айының басында, көрерменсіз жалғасатынын білдім. Әрине, футболға қайта оралғым келеді, бірақ қазір ең бастысы – шығынды азайту. Адамдар аз зардап шегуі үшін барлығын қорғау керек. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін!