«Қайрат» футбол клубы Беларусь құрамасының, «Краснодар» және «Рубин» командаларының бұрынғы капитанымен келісімшартқа отырғанын қуана хабарлайды.
Келісім 2025 жылғы маусымның соңына дейін жасалған.
Позициясы: орталық қорғаушы
Бойы: 192 см
Салмағы: 86 келі
Мартынович туған жерінде минсктік РУОР мен «Динамо» намысын қорғаған. Беларусь чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері.
2010 жылы Александр «Краснодар» ойыншысы атанды. Клубта 12 жыл бойы 250-ден астам матч өткізді (клуб тарихындағы екінші көрсеткіш), оның 28-і еурокубоктардың топтық кезеңдерінде. Мартынович көптен бері алаңда да, сыртта да «бұқалардың» көшбасшысы болды. «Краснодармен» бірге Ресей чемпионатында үш рет қола жүлдегер атанды. 2015/16 маусымында «Уралға» жалға берілген.
Соңғы екі жылда тәжірибелі қорғаушы «Рубин» сапында команда капитаны ретінде де ойнады. 2022/23 маусымында қазандық клубтың Ресей Премьер-лигасына оралуына көмектесті. Өткен маусымда ол РПЛ-да 20 матч өткізіп, үш рет матчтың үздік ойыншысы атанды.
Мартынович Беларусь құрамасы сапында 75 матч өткізген. Ол осы көрсеткіш бойынша өз еліндегі үздік 7 футболшының қатарына кіреді. 2015-2020 жылдар аралығында өз ұлттық құрамасының капитаны болды.