«Қайрат» ФК медициналық штабының басшысы Александр Корнилов біздің сайтқа берген сұхбатында жарақат алған ойыншыларды қалпына келтіру мерзімі туралы, сондай-ақ ота жасалғанына бір жарым ай ғана болған Небойша Косовичтің алаңға шыға алғаны үшін қуанғанын айтты.
- Александр Николаевич, сіздің департамент туралы айтып беріңізші.
- Мен жалғыз жұмыс жасамаймын, барлық медициналық топ – бір отбасы. Менің бірінші көмекшім – Дастан Тұралиев. Онымен бірге біз ойыншылардың денсаулығын бақылауға тырысамыз. Сондай-ақ, біздің командада физиотерапевт пен екі массажист бар. Физиотерапевт лауазымында өте тәжірибелі маман Диого Лейте жұмыс жасайды. Онсыз бізге қиын болар еді. Біздің массажисттар Бауыржан мен Нұрбол да өз ісінің шеберлері. Массаж бен мануалдық терапия ойыннан немесе жаттығудан кейін ойыншыларға қалыпқа келуге көмектеседі. Сондай-ақ штабта Рауана есімді медбике жұмыс жасайды. Бізде футболшылардың жақсы көңіл-күйі үшін барын салып жұмыс жасайтын тату команда.
– Футбол комментаторлары «лазарет» деп атағанды жақсы көретін жерде , екі футболшы – Нұрлан Дайыров пен Дінмұхаммед Жомарт бар. Оларды қалпына келтіру туралы айтып беріңізші.
- Дінмұхаммед команданың екінші оқу-жаттығу жиынында менискін зақымдады. Жарақаты оған киевтік «Динамоға» қарсы ойнауға кедергі жасады. Диагностикадан кейін анықталғандай, операция жасамаса болмайтын болды. Германия, Түркия, Ресей ортопедтері мен хирургтарынан кеңес алдық. Ақыр соңында менискті сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Ота Стамбулда жасалды. Қазір Димаш командамен бірге белсенді емдеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл маңызды психологиялық кезең. Шамамен алты айдан кейін біз голкиперді негізгі топта көре аламыз.
- Ота жасалған Нұрлан Дайыровтың жағдайы қалай?
- Нұрлан жалға алудан жарақатпен оралды. Ол ауыратынын айтып шағымданды, біз диагностика жасап, шеміршектің зақымданғанын анықтадық. Өкінішке орай, біздің консервативті емдеу оң нәтиже берген жоқ. Нәтижесінде ол Германияға ота жасауға барды. Неміс мамандары шеміршектің зақымдалған бөлігін қайта құруға көмектесті. Енді біз оны оңалтумен белсенді айналысып жатырмыз. Қалпына келтіру мерзімі – алты айға жуық.
- Сіздің командаңызды Небойшы Косовичтің тез қалпына келуімен құттықтаймын, ол қысқа мерзімде алаңға қайта оралып, кеше «Динамоға» қарсы ойында өзін жақсы көрсете білді.
- Небойша Косович шынымен де өте тез қалпына келді. Мен оған өте қуаныштымын! Жаңа жыл қарсаңында отызыншы желтоқсанда тізесіне ота жасатты. Құрамада біздің ойыншымыз менисктің жартылай үзілуімен жарақаттанған жағдай орын алды. Біз Косовичке ота жасауға мәжбүр болдық. Барлығы сәтті өтті. Қалпына келтіру қарқыны бізді таң қалдырды. Ойыншы ем қабылдаған кезінде физикалық кондицияларын жоғалтты. Алайда, сіз «Динамоға» қарсы матчтың екінші таймында оның өзін жақсы көрсеткенін көрдіңіз. Небоға сәттілік тілейміз және де оның тезірек формаға келуіне үміттенеміз. Ол үшін ол белсенді жаттығуда, «физиканы» қалыпқа келтіріп, күш жинап жатыр. Ең бастысы, біздің футболшы қайтадан сапта.
- Өткен маусымда «Қайраттың» футболшылары ауыр жарақаттан аман қалды. Бұл ең алдымен кімнің еңбегі?
- Бірінші кезекте бапкерлер штабының еңбегі. Сауатты мөлшерленген жүктемелер және де физикалық дайындық жарақаттан құтылуға мүмкіндік береді. Христос Пападопулостың дене шынықтыру және реабилитология бойынша әлемдегі ең үздік жаттықтырушылардың бірі екендігі ешкімге құпия емес. Бас бапкер Алексей Шпилевскийдің жарақат алған ойыншылардың қалпына келтіру кезеңінің физиологиялық уақыт ұстанымдарын түсінгенін ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы біз ешқандай аса қиын жағдайларға ұрынған жоқпыз. Жарақатты дәрілермен де, шаншулармен де алдай алмайсың. Бас бапкердің көмекшілері де қалпына келтіру процесстеріне түсіністікпен қарайды. Олардың жаттығу процесін дұрыс жоспарлауы және қалпына келтіру процедуралары ойыншыларды жарақат алудан сақтады. Ал біздің медициналық штаб олардың жағдайын бақылауға, алдын алуға және емдеуге тырысады. Менің ойымша, мұндай тандем нәтижеге жетуге мүмкіндік береді. Баршаңызға мықты денсаулық пен 2020 жаңа маусымда табыс тілеймін.