«Қайрат» бас бапкері матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-лиганың 17-туры аясында «Қайсармен» болған тең ойын жайлы пікір айтып, журналистердің сұрағына жауап берді:
— Қарсыласпен кездесуде ұпай жоғалтуды жоспарлаған жоқпыз. Ойынға тыңғылықты дайындалдық. Қызылордадағы алғашқы матчымызды толық талдап шықтық. Жоспарымыз бойынша бәрі жақсы жүріп жатқан. Жігіттер тырысты, тапсырмаларды орындады. Бірінші таймда жеткілікті мүмкіндіктер болды, өкінішке қарай, гол соға алмадық. 1:0 — қауіпті есеп. Қажетсіз қызыл қағаз алдық. Төреші не көргенін нақты білмеймін, оларға анық болар. Жігіттер аз құрамда ойнауға тырысты. Алаңға шыққандар шабуылды серпілтсін дедік. Өкінішке қарай, қарсылас тұтастай қорғанысқа жатып алды. Біз шешуші сәтті таба алмадық. Бұл үшін қарсыласқа лайықты баға беру керек.
Біз мүмкіндігімізді жүзеге асыруымыз керек еді. Соған қарамастан, жігіттерге алғыс айтқым келеді. Олар берілмеді, аз құрамда ойнаса да, басымдық көрсетті, бірақ оны іске асыра алмады. Бұл — футбол. Алға жылжимыз. Енді келесі матчқа дайындалу керек. Ертең таңертең ұшамыз. Басқа турнирге, басқа қарсыласқа назар аударамыз.
— Бір турнирден екіншісіне ауысу менталды тұрғыда қаншалықты қиын?
— Біздің нақты міндеттеріміз бар. Меніңше, сен кәсіби футболшысың, басқа елден келдің. Неге қиын болу керек? Келісімшартың бар, міндеттерің бар, кәсіби спортшысың. Қай қарсылас, қай турнир болса да, өзіңнің ең мықты ойыныңды көрсетуге тиіссің. Менің көзқарасым осы.
— Пенальтиден кейінгі гол мен қызыл қағаз жоспарыңызды өзгертті ме? Финдерге дайындық енді қалай болады?
— Шынын айтқанда, аса көп өзгеріс болған жоқ. Бір ғана ойыншы бар еді. Оны бұл ойында шығармаймыз деп ойлағанбыз. Демалыс бергіміз келген. Қалған ойыншылардың ауысып шыққаны жоспар бойынша болды. Ешқандай күрт өзгеріс болған жоқ. Олар бәрібір алаңға шығатын еді. Тек сәл ертерек шықты.
— Бүгін Садыбековтің ойыны сәтсіз болғандай көрінді. Неліктен оны соңына дейін алаңда қалдырдыңыз?
— Офри 30 минут ойнауы керек еді. Ол Олжастың немесе Адиктің орнына шығуы мүмкін болатын. Бірақ қызыл қағаздан кейін шабуылды жаңарту керек болды. Сол себепті Офриді шығардық. Кейін 4-4-1 схемасына өттік. Зариа бірнеше рет допты жоғалтып алғандықтан, оны алып тастадық. Шаршағаны байқалды. Сондықтан шабуыл шебін жаңартқымыз келді. Схеманы 4-3-2 қылып өзгерттік. Ортада Адик, Олжас пен Офриді қалдырдық. Қос шабуылшы ойнады. Тірек жартылай қорғаушыларды ауыстырмадық.